Қытай ғалымдары жаңа коронавирус симптомдарындағы өзгерістерді байқады. Бұл туралы Social Science Research Network (SSRN) порталы хабарлайды, - деп жазады "Известия".
Ухандағы 89 науқастың жағдайын бақылаған дәрігерлер вирусты кейінірек жұқтырғандардың ауру белгілері анық байқалмағанын айтады.
Пациенттер екі топқа бөлінген. Алғашқысына 16-22 қаңтар аралығында коронавирус жұқтырған 31 адам түсті. Екінші топқа 23-29 қаңтар аралығында ауруханаға жатқызылған 58 науқас жатқызылды.
Бірінші топтағы адамдардың көбінің температурасы жоғары болған, олар әлсіреп, бұлшық еттері ауырған және қақырық бөлініп, лимфоциттері төмен болған. Ал екінші топтағыларда бұл симптомдардың барлығы әлсіз байқалған немесе мүлде жоқ.
Бұл ретте жөтел, жүректің айнуы, диарея және кеуденің ауырлығы барлық емделушілерде байқалды.
"Осы зерттеулер вирусты жақында жұқтырған пациенттердің бастапқы симптомдары әлсіз, сондай-ақ коронавирустың жаңа түрі тұмауға ұқсас вирусқа түрленуі мүмкін деп болжауға мүмкіндік береді", - деп атап өтті ғалымдар.
Олар бұл вирус ағзада өте ұзақ уақыт бойы өзін көрсетпеуі мүмкін екенін айтты. Сонымен қатар, вирус мутацияға ұшырағандықтан оның әр түрінің белгілері әрқалай.
Наурыздың басында ҚХР ауруларды бақылау және алдын алу орталығы 72 314 вирус жұқтырған адамдарға шолу жариялады. Балалар мен жасөспірімдер сирек ауыратын болып шықты. 0-ден 19 жасқа дейінгілерге жұқтырғандардың жалпы санының 1 пайызы ғана келеді.
Еске салайық, COVID-19 ауру тудыратын SARS-CoV-2 вирусы желтоқсан айының соңында Қытайда тарала бастады. 6 наурызға қарай бүкіл әлемде 100 мыңнан астам адам ауруға шалдығып, 3,5 мың адам қайтыс болды.
Дереккөз: Tengrinews.kz