Польшаның денсаулық сақтау министрі Лукаш Шумовский Польшадағы алғашқы коронавирус жұқтыру жағдайын растады. Бұл туралы ҚазАқпарат Польша денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Польша денсаулық сақтау министрлігінің ресми мәліметінше, барлық процедура қажетті деңгейде жүргізілген. Науқастың жағдайы жақсы, қазір ол ауруханада жатыр. Барлығы 584 тест жүргізілді, соның ішінде тек біреуі оң нәтиже берді. «Уәде еткеніміздей, тест оң нәтиже берген кезде мұны бірден хабарлайтынымызды айтқан едік. Бүгін осы жағдай болып жатыр. Біз Польшадағы коронавирус инфекциясы расталған алғашқы науқастың оң нәтижесін алдық», - деді Лукаш Шумовский сәрсенбі күнгі арнайы баспасөз мәслихатында. Оның айтуынша, науқас қазір Зелёна-Гура қаласында ауруханада жатыр. Ол Германиядан келген. Онымен байланыста болған барлық адам карантинге алынды.
Дереккөз: Inform.kz