Аргентина Денсаулық сақтау министрлігі ел аумағында COVID-19 вирусын жұқтырудың алғашқы жағдайы тіркелгенін мәлім етті.
Вирус жексенбі күні Миланнан Alitalia әуе компаниясының тікелей рейсімен ұшып келген 40 жастағы ер адамнан табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Ер адам Испания мен Венгрияда болған. Елге келгенде одан ешқандай ауру белгілері байқалмаған. Жексенбі күні кешке ер адамның дене қызуы көтеріліп, сырқат белгі бере бастаған.
Ол Буэнос-Айрестағы Swiss Clinic and Maternity Hospital жеке клиникасына карантинге орналастырылды. Malbran медициналық зерттеулер зертханасы желісінің филиалы оның коронавирус жұқтырғанын растады. Үкіметке ұшақта оның жанында отырған жолаушылар туралы ескертілді. Жергілікті органдардың мәліметінше, олар тексеруден өтеді.
Денсаулық сақтау министрлігінің қызметкері Карла Виззоти дүйсенбі күні COVID-19 вирусын ерте анықтау өте маңызды екенін атап өтті. Әлем бойынша коронавирусқа 89 мың адам шалдығып, 3 мың адам көз жұмды.
Ауру жұқтыру жағдайлары Оңтүстік және Солтүстік Американың басқа да елдерінде расталды: АҚШ (89 оқиға), Канада (24), Эквадор (6), Мексика (5), Бразилия (2) және Доминикан Республикасы (1).