Иран үкіметінің коронавируспен күрес шарасы аясында шамамен 54 мың тұтқын уақытша босатылды деп хабарлады BBC сайты.
Иран сотының ресми өкілі Голамхосейн Эсмаилидің айтуынша, түрмеден арнайы сынақтан өтіп, коронавирус жұқтырмағанын дәлелдеген тұтқындар ғана ақшалай кепіл қалдырып босап шыққан. Эсмаилидің айтуынша, бұл шараның бес жылдан артық мерзімге сотталғандарға қатысы жоқ.
Соңғы дерек бойынша, Иранда коронавирустан 77 адам көз жұмған, 2340 адамнан вирус табылған. Бұл әлем бойынша Қытайдан кейінгі ең жоғары көрсеткіш.
Ауғанстан, Канада, Ливан, Пәкістан, Кувейт, Бахрейн, Ирак, Оман, Катар және Біріккен Араб Әмірліктерінде коронавирус табылып, дәрігерлердің болжамынша оларға Иран азаматтарынан вирус жұққан болуы мүмкін.
Иранда вирус жұққан жоғары лауазымды шенеуніктер саны да артып барады. 290 орындық парламенттің 23 мүшесінен вирус табылған. Дүйсенбі күні қаза болғандар арасында аятолла Әли Хаменеидің кеңесшілерінің бірі Мохаммад Мирмохаммади бар.
Дереккөз: Азаттық радиосы