Атырау, 20 сәуір 03:17
 ашықВ Атырау +27
$ 446.49
€ 475.38
₽ 4.79

Жылойда мектеп есепшісі 24 миллион жымқырған

5 090 просмотра



Атырау облысы бойынша Тексеру комиссиясы білім беру саласында бюджет қаржысын ұрлау фактілетін анықтады. Өткен жылы жүргізілген аудит нәтижесінде 200 миллион теңгеге жеткен әртүрлі қаржылық бұзушылықтар орын алған. Оның ішінде тексерушілер бюджет қаржысын ұрлаған екі мектептің есепшісін тапты. Жақында соның біріне ҚР ҚК 189 бабы 3 бөлігімен енiп тапсырылған бөтен мүлiктi ірі мөлшерде иемденiп алу немесе талан-таражға салусот үкімін шығарды. 

Тергеу болжамы бойынша, Жылыой ауданы Жаңа Қаратон ауылындағы мектептің бас есепшісі  өзіне сенімхатпен берілген директордың электрондық қолтабасын пайдалану құқы арқылы мектеп қызметкерлеріне еңбекақы, іссапар шығындарын төлеу, еңбек демалысы және т.б. әртүрлі қаржылық құжаттарға қол қоя алатын. Соның арқасында бірнеше рет өзінің еңбекақысын еселеп есептеп, басқа да төлемдер жасап, жеке банк карточкаларына аударып отырған. Мәселен, 2019 жылдың тек тамыз айында өзіне 4 миллионнан астам ақша аударған. 2017 жылдың желтоқсан айынан бастап 2019 жылдың қыркүйек айына дейін жасалған ұрлығы 24 247 609 теңгеге жеткен.

Атырау облыстық соты баспасөз қызметінің хабарлауынша, сотталушы өзінің кінәсін мойындап, бас бостандығын айырмайтын жаза қолдануды өтінді. Себебі қолында кәмелет жасына толмаған үш бала бар, оның бірі балалар сал ауруына шалдыққан. Ол өзінің әрекетін баланың еміне қажет болғасын ұрлыққа бардым деп түсіндірді.

Әйелдің кәмелет жасқа толмаған, оның ішінде ауыр сырқаты бар баласы болғандығын сот жеңілдетуге жататын жағдай деп тапты және оның бұрын сотталмағаны, кінәсін мойындағаны мен өкінетіні де ескерілді.  

Сот есепші әйелді кінәлі деп тауып, 5 жылға бас бостандығын айыру жазасын белгіледі. Бұл жазаны үш жасар баласы 14 жасқа толғаннан кейін өтейтін болып кейінге шегерілді. Сонымен қатар, ұрлаған қаражатты мемлекет бюджетіне қайтаруды міндеттеді.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

3 наурыз 2020, 23:42

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.