Атырау облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының қаулысымен Түркия азаматына Қазақстандағы 10 жасар ұлына 7 жылдан кейін әкелік құқығы қайтадан берілді. Осы хикаяға толығырақ тоқталып өтейік.
2012 жылы Атырау қалалық сотының шешімімен ҚР азаматшасы мен Түркия азаматының арасындағы неке бұзылады. Сот екеуінің 2009 жылғы ортақ ұлдарын анасына қалдырып, әкесін алимент төлеуге міндеттейді. Шешім орындалу үшін Түркия Республикасының Адана қаласына жолданады. Әкесі Қазақстаннан кеткен соң баласының тәрбиесіне араласпай, ешқандай материалдық көмек көрсетпейді. Сөйтіп 2013 жылы оны ата-аналық құқығынан сырттай айырады.
Ажырасқаннан кейін 8 жыл өткеннен соң түркиялық әке мен атыраулық ана қайта отбасын құрып, баласына әкелік құқығын қайта алу жөнінде сотқа жүгінеді.
- Ол өз арызында кәмелетке толмаған баласына қатысты моральдік және материалдық міндеттерін толық орындауға дайын екендігін дəлелдеме құжаттармен ұсына отырып, анасымен қайта бір отбасын құрғанын, бала ортақ тәрбиеде екендігін көрсетіп арызды қанағаттандыруды сұрады, - деді судья Айгүл ТӘШЕНОВА. - Сот отырысында іс материалдары толық зерделеніп, талап қоюшының кәмелетке толмаған 2009 ж.т. ұлына қатысты ата-аналық құқығын қалпына келтіру туралы шешім шығарылды.
Фархат ӘБІЛОВ