Атырау облыстық әкімдік ғимаратының жапсарма құрылысының жобалық сметасына қайта түзету енгізіледі. Атап айтсақ, 6 қабатты деп жобаланған ғимарат енді 8 қабатты болмақ. Бұл туралы брифингте Атырау облысы құрылыс басқармасының басшысы Мәлік АМАНОВ мәлімдеді.
Басқарма басшысы 2020 жылға жоспарланған жұмыстар туралы да айтып өтті.
- Қазіргі кезде облыста жергілікті бюджет есебінен 116 нысанға жобалық сметалық құжаттар әзірленуде. 79 нысанның құжаттары аяқталып, мемлекеттік сараптамаға жіберілді. Жоспарланған құрылыстардың 22-сі мектеп, 4 денсаулық сақтау ұйымдар ғимараты, 26 спорт кешені, мәдениет саласы бойынша 25 нысан бар.
«АЖ» сауалдары:
- Орталық көпірдің жөндеу жұмыстары қашан басталады?
- Көпірге жақында техникалық тексеріс басталады. Содан кейін оны жөндейміз бе, әлде қайтадан саламыз ба анықталатын болады.
- Жағалау құрылысы қашан аяқталады?
- Жағалаудың құрылыс жұмыстары жаз айында аяқталады деп күтілуде. Жобаға салынған шолу дөңгелегі болмайды. Себебі, Жайыққа тым жақын орналасқан, бұл қауіпті. Ал облыстық әкімдікке қарсы орналасатын қалқыма субұрқаққа келсек, мұнда да мәселелер пайда болды – үлкен кемелердің өтуіне кедергі келтіруі мүмкін. Мұны мамандар зерделеп жатыр.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ
Суретті түсірген автор