Бүгін, 1 наурызда, Атырауда облыстық әкімдік ғимараты алдына келген бірнеше адам ұсталды. Олардың қатарында құқыққорғаушы Әсел НҰРҒАЗИЕВА, азаматтық белсенділер Зинат ОРЫНБАСАРОВА, Қасым ҚОЖАНТАЕВ, Серік ӨТЕПҚАЛИЕВ, және Басыр ДАУЫЛБАЕВ бар. Ал құқыққорғаушы Дарья ОЛЖАҒАЛИЕВАНЫ үйінің алдынан алып кеткен.
Күні бұрын оппозициялық партия мен қозғалыстар өзінің тілеулестерін әкімдік ғимаратының алдына митингіге шақырған. Алматы, Нұр-Сұлтан, Ақтөбе және Шымкент қалаларында белсенділерді ұстап әкетуді таңертең бастап кеткен. Атырауда да таңертеңнен бері Исатай мен Махамбет алаңы және облыстық әкімдік алдындағы алаңды полиция қызметкерлері қоршап жүрді. Түске таман сол жерге келген белсенді азаматтарды ұстап әкетті. Д.Олжағалиеваны екі сағаттан кейін босатты. Оған шақырту бермеген, қаулы толтырмаған, айтқандары – бұл профилактикалық әңгімелесу екен. Оған прокурор қатысып отырды.
Қазір әкімшілік сотта Әсел Нұрғазиева, Басыр Дауылбаев, Серік Өтепқалиев, және Қасым Қожантаевқа қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 488 бабымен («ҚР-ның бейбiт жиналыстарды, митингiлерді, шерулерді, пикеттер мен демонстрацияларды ұйымдастыру және өткiзу тәртiбi туралы заңнамасын бұзу») процесстер жүруде.
Сұлтан Бейбарыс алаңында белсенділерді ұстағанын көрген жоқпын, бірақ маған Ішкі саясат басқармасының басшысы Жасұлан БИСЕМБИЕВ жолығып, бұл Қазақстанда тыйым салынған ДВК партиясының акциясы, сондықтан осындай шара қолданылды деп түсіндірді. Сағат 13.00-де алаңға саясатпен шаруасы жоқ, өз мәселесін күйттеп жүрген – көліктеріне шетел номерлерін таққан жүргізушілердің жиналуы да бүгінге тұспа-тұс келіп қалды. Алаңда кезекшілік етіп жүрген полиция қызметкерлері оларға тараңдар, әйтпесе, кем дегенде әкімшілік жауапкершілікке тартыласыңдар деп ескертті. Жүргізушілер бәледен аулақ деп, жөндеріне тарап кетті.
«АЖ»-ға белгілі болғандай, төрт белсендіге әкімшілік сот ескерту санкциясын қолданды.
Бүгін шамамен түскі уақытта қақпасы мен кіреберіс жолдары жабық болған «Байзаар» сауда орталығының маңында азаматтық белсенді Динара МҰҚАТОВА ұсталды. Полиция қызметкерлері оны «Газельге» мінгізіп, телефонын тартып алып, «Шалқымадағы» полицияның тірек бекетіне алып кетті. Ол жерде 3 сағат ұстаған. Прокурор келген, бірақ Динара қорғаушы келмей сөйлеуден бас тартты. Оның екінші телефонына қоңырау түскен кезде, полиция қызметкерлері оны тартып алмақ ниетте қыздың қолын қайырса да ала алмаған. Содан кейін қолына ертең таңертең ҚТЖД пробация қызметіне келу туралы шақырту беріп, Мұқатованы босатты.
Естеріңізге сала кетсек, өткен жылдың қазан айында №2 қалалық сот үкімімен ҚР ҚК 405 бабы 2 тармағымен («Қоғамдық немесе дiни бiрлестiктiң не өзге де ұйымның экстремизмдi немесе терроризмді жүзеге асыруына байланысты олардың қызметiне соттың тыйым салу немесе тарату туралы шешiмiнен кейiн олардың қызметiн ұйымдастыру және оған қатысу») Д.Мұқатова 1 жылға бас бостандығын шектеу жазасын алды.
Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА
Суретті түсірген автор