Жеңістің 75 жылдығы қарсаңында Ұлы Отан соғысының ардагерлері 300 мың теңге мөлшерінде бір реттік материалдық көмек және бағалы сыйлықтар алады. Қазір біздің облысымызда олардың тек 9-ы ғана қалды. 8-і Атырау қаласында, 1-і Құлсарыда тұрады.
Өкінішке орай, Қазақстан астанасында және Мәскеудегі Қызыл алаңда өтетін салтанатты шеруге қатысуға біздің майдангерлердің денсаулығы көтермейді. Сондықтан ол жерде біздің облыстан тыл ардагерлері қатысады. 15 адам Нұр-Сұлтан қаласына, екеуі Мәскеуге барады. Тыл ардагерлеріне мерекелік сыйақыға 100 мың теңгеден бөлінген. Атырау облысында олардың саны 2734 адам.
Облысымызда жеңіске қол жеткізгендердің құрметіне арналған шаралар басталып та кетті. 26 ақпанда «Батыс» өңірлік қолбасшылығының әскери қызметшілері 95 жастағы Закария СҰЛТАНОВТЫ және 97 жастағы Валентина КОНОПЛЕВАНЫ өздері тұрып жатқан Алмагүлдегі үйдің ауласында салтанатты марш ұйымдастырып, құрмет көрсетті. Үйдің алдында оларды «Жас Сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысының 80 сарбазы мен тәрбиеленушілері және әскери оркестр күтіп тұрды. Майдангерлер алдында 4 шаршы сапқа тұрған жастар "Прощание славянки" әнінің ырғағымен, салтанатты түрде адымдап жүріп өтті. Ал «Меруерт» тобы «Катюша» мен «Тальяночка» әніне билеп шықты.
- Өткен жылдан бастап облыста шоғырланған барлық әскери бөлімшелер майдангерлерді өз қамқорлығына алды. Біз оларға үнемі барып тұрамыз, мерекелермен құттықтаймыз, сыйлық беріп, жан-жақты қолдап, көңіл бөліп отырамыз, - дейді «Батыс» өңірлік қолбасшылығы басқармасының баспасөз қызметінің өкілі - капитан Рүстем ИГІСІНОВ.
Әскери қызметшілер жақын күндері осындай шараларды Ұлы Отан соғысының басқа да ардагерлеріне ұйымдастыратынын атап өтті.
Келесі күні Атырау «Біз – жеңіс мұрагерлеріміз!» атты республикалық әскери патриоттық шарасының эстафетасын қабылдады. Қалаға Кеңес Одағының Батыры генерал-майор И.В.Панфилов атындағы 1941 жылдың тамыз айында жасақталған Гвардиялық мотоатқыштар дивизиясының Жауынгерлік туының көшірмесі жеткізілді. 5 ақпан күні Алматыда бастау алған эстафета Алматыдағы Ұлттық гвардия, Ұзынағаш, Қаракемір, Талдықорған, Тараз, Шымкент, Түркістан және Қызылорда гарнизондарын аралап келді. Атыраудан кейін марафонды еліміздің басқа қалалары жалғастырады. Жауынгерлік ту эстафетасы Нұр-Сұлтанда мәреге жетіп, Жеңіс күніне арналған салтанатты шараға шығарылады.
Шараның салтанатты бөлімінен кейін қатысушылар атыраулық соғыс ардагерлерін құттықтауға барды. Әскери оркестр орындауындағы әуен ырғағымен гвардиялықтар ардагерлер тұратын үйлердің жанынан салтанатты шерумен өтіп шықты. Солардың бірі 94 жасқа жеткен Тұраш КӨПТІЛЕУОВ. Ол 1944 жылы майданға аттанғанда 18 жаста болған. Белорус майданының құрамында соғысты, «ІІ дәрежелі Отан соғысы» орденімен, «Ерлігі үшін», «1941-1945 жж. Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталған.
Ардагерлерді құрметтеуге Н.Тілендиев атындағы Кіші өнер академиясының өкілдері де өз үлесін қоспақ. Бейнелеу өнері және дизайн оқытушылары қала ішінде ұшқыш Хиуаз Доспанованың, адмирал Лев Владимирский, Кеңес Одағының Батырлары Қайырғали Смағұлов пен Бауыржан Момышұлының бейнелерін граффитимен безендірмек.
Зульфия ИСКАЛИЕВА
Суреттерді «Батыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлері қолбасшысының басқармасы ұсынды