Атырау, 27 сәуір 04:03
 ашықВ Атырау +24
$ 443.35
€ 475.54
₽ 4.82

Көкшетауда жігітті тепкілеп өлтірген кәсіпкерге іздеу жарияланды

Бейнежазба
2 153 просмотра


Көкшетауда жігітті тепкілеп өлтіріп, мәйітін анасының көлігіне салып берген дәмхана қожайыны іздестірілуде. Марқұмның бауыры езіліп, ішіне қан толғаннан өлгені сараптамада дәлелденіпті. 

Күдікті кәсіпкердің өзі үш күннен бері табылмай жатыр. Ал 32 жастағы жалғыз ұлын жер қойнына тапсырған отбасы оны полицейлер «әдейі жасырып отыр» деп санайды. 

Оқиға қала орталығындағы дәмханалардың бірінде түстен кейін болған. Марқұмның жұбайының айтуынша, Әділ мұнда біреулермен кездесуге кетіпті. Осы жерде қызметкерлердің бірімен сөзге келіп қалса керек. Дәмхана қожайыны оны жұлқылап қоймаға қарай алып кеткен. Кейін ес-түзсіз жатқан Әділдің анасын шақыртып, «мас боп қалды» деп ұлының денесін көлігіне салып берген. Оны анасы шынымен «удай мас» деп ойлапты. Үйіне жеткен соң ғана ұлының қимылсыз жатқанын көріп, жедел жәрдем шақыртқан. 

Жігіттің әлдеқашан қайтыс болғанын сол дәрігерлер айтыпты. Ал дәмхана қожайыны күдікті ретінде танылғанымен, әлі табылмай жатыр. 

Айжан Нұрқайдарова, марқұмның әпкесі: 

- Кішкентай ғана қалада полицияның күдіктіні «таппай отырмыз» дегеніне сенбейміз. Құзырлы органдарда мықты туысқандары бар. Ақша ұстап келді бізге. Қуып шықтық. Сатып алып үйренген ғой. Біз бұлай қалдырмаймыз.

Қанды оқиғадан соң қашып кеткен дәмхана қожайыны қылмыстың ізін жасыруға тырысқан. Ғимарат ішіндегі бақылау камерасының таспаларын алып кетіпті. Дәмхана ішін де жинатқызып тастаған. 

Гүлнар Пинчук, Ақмола облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі: 

- Тергеу барысында марқұмның жарақатты дәмханада алғаны белгілі болды. Қазір полиция күдіктіге іздеу жариялады. Қылмыстық іс қозғалып, «адам денсаулығына ауыр зиян келтірумен абайсызда өлімге әкеп соғу» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. 

Әділдің артында зар еңіреп ата-анасы, жұбайы мен кішкентай ұлы қалды. Марқұмның Қарағанды жақтан вахталық әдіспен жұмыс істеп оралған беті екен.

Дереккөз: ktk.kz

29 ақпан 2020, 10:10

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.