28 ақпанда қалалық жұмыспен қамту орталығында осы жылдың алғашқы бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өтті. Атыраулық 12 компания 342 бос жұмыс орындарын ұсынып, 400-ге жуық түйіндеме қабылдады. Былтыр осындай 8 жәрмеңке ұйымдастырылып, нәтижесінде 300-дей адам тұрақты жұмысқа орналасқан еді.
Таңертеңнен бері орталық маңында адам көп. Жұмыс іздегендердің көпшілігі жоғарғы оқу орны мен колледждің түлектері емес, орта жастағы және зейнеткерлікке шығуы жақын адамдар екенін байқадым. Көпшілігі ер адам. Осы көріністі қалалық жұмыспен қамту орталығы директорының орынбасары Нариман САЛИМОВ та растады.
- Соңғы кездері жастардың жұмыс іздеп келуі азайды. Тіпті кейде тәжірибе алу үшін жұмысқа тұратын жастарды таба алмаймыз. Бұрындары олар көп келетін. Қазір жұмыс іздеп жүргендердің көпшілігі ересек адамдар. Көбі жоғары білімді мамандар. Жұмыс берушілерге алдымен жұмысшы мамандары қажет, ал инженер мен техникалық мамандарды әдетте жоба басында шақырады. Ұсынылған бос жұмыс орындарының барлығы тұрақты, уақытша жұмысты бұл жерде ұсынбаймыз.
Сәбит аға 52 жаста, ол мұнай компанияларындағы әр түрлі жобаларда дәнекерлеуші болған. Жалақысы жақсы, тек жоба аяқталған бойда жұмыссыз қалады екен. Тағы да бірнеше ай бос жатыс. Келесі сұхбаттасушым өзін таныстырғысы келмеді. Көп жылдан бері әкімдікте жеке көлік жүргізуші болғанын айтты. Басшысы ауысып, 48 жасында жұмыссыз қалыпты. Бірақ ол қынжылып тұрған жоқ, оның жүргізуші куәлігінде 8 түрлі санат қаралған. Соның ішінде автобус жүргізетін «D» санаты да бар.
- Бізге 15 кондуктор мен 15 жүргізуші қажет. Қолайлы жағдай жасап, лайықты жалақы ұсынамыз. Күнара жұмыс жасайды, жалақы 180 мың теңге және оған сыйақы қосылады. Тек Атырауда «D» санаты бар жүргізуші өте аз, - дейді «Атырау-Автопарк» ЖШС өкілі Дамира ҚҰРМАНҒАЛИЕВА.
«Денхолм Жолдас» ЖШС жәрмеңкеге үнемі қатысады. Қазір оларға 2 тиегіш операторы мен 3 қызметші қажет. Кадр бөлімінің маманы Өзиха ГАЙСИНАНЫҢ айтуынша, осындай кездесулерде компания өзіне қажетті маманды міндетті түрде тауып алады екен. Басқа фирмалар да өзіне қажетті мамандарды табады деп сенеміз. Бәлкім, жұмыссыздар саны да азаяр.
Зульфия ИСКАЛИЕВА
Суреттерді түсірген автор