27 ақпан күні Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасында Атырау облысына шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсат беру жөніндегі кезекті комиссия отырысы өтті. Бұл жолы комиссия шешімімен 114 экспат жұмыс жасауға рұқсат алды. Ал Түрік және Италияның 12 азаматының өтініші кері қайтарылды.
-Комиссия отырысында 41 жұмыс беруші мекемеден түскен 114 шетел азаматының өтініші қаралды. Оның ішінде 102 шетел азаматының өтініші қанағаттандырылып, 12 шетел азаматына рұқсат берілмеді, - деп хабарлады «АЖ» тілшісіне басқарма басшысы Серік ҚАМИДОЛЛА.
- Не себептен рұқсат берілмеді? Коронавирустың кесірі тиген жоқ па?
- Жоқ. 12 азаматтың мамандығы лауазымына сәйкес келмеуіне байланысты «Жұмыс берушілерге шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсат беру және (немесе) ұзарту, сондай-ақ корпоративішілік ауыстыруды жүзеге асыру туралы» қағидасының 21 тармағының 4 тармақшасына сәйкес рұқсат беруден бас тартылды.
Сондай-ақ, Қамидолланың айтуынша, қазір коронавирусқа байланысты Қытай азаматтарына Қазақстанда жұмыс істеуге рұқсат берілмейді.
Бұған дейін «АЖ» хабарлағандай, Атырауға 9 қытайлық маман келуі тиіс болатын, оларды «Матен петролиум» АҚ, «Кожан» АҚ және «Praxses» компаниясы жұмысқа шақыртқан. Алайда коронавирустың алдын алу мақсатында жұмыс берушілер өз шақыртуларын кері қайтарып алды.
Фархат ӘБІЛОВ