Атырау, 23 қараша 07:46
 ашықВ Атырау +5
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Нұрлан Ноғаев – бензин, ТШО және полипропилен туралы

3 093 просмотра


Энергетика министрі Нұрлан НОҒАЕВ энергетика министрлігі алқасының кеңейтілген отырысында қазақстандық МӨЗ жаңғыртудан өткен соң  ішкі нарықтағы  ЖЖМ сұранысын бір жылда толығымен ішкі өндіріс есебінен қамтамасыз етеді деп хабарлады. 

Министрдің таныстырылымына сәйкес, 2019 жылы 17,2 млн тонна мұнай өңдірілді, бұл 2018 жылмен салыстырғанда  4,4% артық. Егер 2018 жылы еліміз 93,2% бензинмен, 62% авиакеросинмен, 91,1%, дизельді отынмен қамтамасыз етілсе, өткен жылғы көрсеткіштер жүз пайызға жетті. Еуропа мен Орталық Азия елдеріне экспортқа шығаруға салынған тыйым алынған соң 180,7 мың тонна бензин экспортталды. Алайда контрабандалық жолмен Ресейге, Қырғызстан мен Өзбекстанға 400 мың тоннадан аса бензин мен мұнай өнімдері шығарылды. Сондықтан да ЖЖМ жетіспеушілігін болдырмау үшін министрлік ҚР аумағынан автокөлік құралдарымен мұнай өнімдерін шығаруға тыйым салды.  Бұл тыйым әрбір жарты жылда ұзартылып отырады.

Естеріңізге сала кетейік, өткен жылы Қазақстандағы бензиннің салыстырмалы арзандығынан оны тонналап жанар-жағар май станцияларынан әкетіп отырды, тіпті, жүргізушілер қосымша бак орнатып, айласын асырған.

Ноғаев сондай-ақ, Теңіздегі Келешек кеңею жобасына тоқталып өтті. Үкіметтің ТШО акционерлерінен жобаның бюджетін арттыру туралы шешімді күтіп отырғанын атап өтті. Естеріңізге сала кетейік, бұрын «Шеврон» корпорациясы 2019 жылдың III тоқсанындағы есебін жариялаған болатын, онда шығындар сметасы  күтпеген шығындар үшін қосымша 1,3 миллиардпен қоса 45,2 млрд долларға дейін  өсіп кеткен болатын. Келешек кеңею жобасын іске қосу 2023 жылдың ортасына қарай ауыстырылды, 2022 жылдың аяғында ҰЕҚБЖ пайдалануға берілгеннен кейін қосылады.

Жаңартылған бағалау акционерлердің мақұлдауына ұсынылды. Жалпы алғанда барлық шығын күтпеген шығындарды қоса есептегенде шамамен 25% құрайды. Дәл қазіргі сәтте жобаның дайындығы 74,8%. Бұрғылау бойынша 40 мұнай өндіру ұңғымаларының  жұмысы аяқталды, жоғары қысымды мұнай жинау жүйесінің бірінші кезеңі енгізілді. Энергетика министрлігінің мәліметі бойынша ККЖ-ҰЕҚБЖ жобасына 43 мың қазақстандық жұмысшы тартылған. 

Полипропилен өндірісі бойынша зауыт 57% дайын. Құрылыс-монтаждау жұмыстары 2018 жылдан бастап жүріп жатыр, 2 мыңдай адам жұмыспен қамтылып отыр. Олардың 400-і шетелдіктер. Естеріңізде болса, 2018 жылдың наруызында мердігер анықталған болатын - China National Chemical Enginnering Co (ҚХР) және заемдық қаржыландыру (Қытайдың даму банкісінен 20 жыл мерзімге жылдық 5,8%  $2 млрд доллар) тартылды.

Екінші саты – полиэтилен өндірісі зауытының жобасы, ол да дайындық алдында. Биыл үкіметаралық келісімге және мемлекеттік қолдау жөніндегі келісімге қол қойылатын болады. Зауыттың құрылысы 2022 жылы басталады, құны – 6,6 млрд АҚШ доллары.

Дайындаған Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА

27 ақпан 2020, 16:58

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.