Осы аптада Атырау облыстық Жемқорлыққа қарсы күрес департаменті мен Қылмыстық түзету жүйесі департаменті бірлесіп, қаладағы мектеп директорлары үшін түзету колониясы (УГ-157/9) мен тергеу изоляторына (УГ-157/1) ерекше «экскурсия» ұйымдастырды.
Шара барысында директорлар сотталғандар мен тергеуге алынғандардың тұрмысымен танысты, камераларды, тұрғынжайларын, асхана, кітапхана, сапқа тұру алаңын көрді. Шараның мақсаты айқын: кім пара алды, оның орны осында дегенді айтпақ болды.
Мұндай акцияны ұйымдастыру идеясы ҚР Жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі басшылығының бастамасымен басталды және еліміздің көптеген аймақтарында мемлекеттік қызметкерлер үшін өткізіліп жатыр. Мемлекеттік қызметтің қай саласын түрмеге «қонаққа» шақыру керектігін жергілікті жемқорлыққа қарсы күрес депатарменті белгілейді. Атырауда білім беру саласын таңдады. Қысқасы, мектеп директорлары өз көздерімен өздерінің бұрынғы басшылары – Атырау облысы әкімінің орынбасары Нұрсәуле САЙЛАУОВА, білім беру басқармасының басшысы Қайырғали КЕНЖЕҒАЛИЕВ, оның орынбасары Роза ҚАБДОЛОВАЛАРДЫҢ сотқа дейінгі ұзақ айларға созылған уақытын қандай жағдайда өткізгендерін көрді.
Фархат ӘБІЛОВ
Суреттерді Атырау облысы бойынша ҚТЖД баспасөз қызметі ұсынды