Лаңкестермен күресте дайындықты күшейту керек! Осындай мақсатпен Тараз қаласының тәртіп сақшылары дайындық полигонын ашты. Дайындық полигонына лаңкестердің қолынан қаза тапқан, «Халық Қаһарманы» Ғазиз Байтасовтың аты берілді.
Дархан дала. Ескен жел. Автоматтың дыбысы. Кез келген тәртіп сақшысы осы алаңда сыннан сүрінбей өтуі тиіс. Бұл жаттығу полигонында оларды теория емес, тәжірибе күтеді. Ал тәжірибе жинау оңайға соқпасы анық. Қару-жарақ, техниканы меңгеру арқылы олар кәсіби шеберліктерін шыңдайды. Брондалған «Тигр» көлігінің салмағы 7 тонна. Алайда, ол «БТР»-ден ықшамырақ. Бұл көлік терроризммен күресте - таптырмас техника.
Өрнекбай СМАИЛОВ, ІІД Ақсақалдар кеңесінің төрағасы:
- Міне осы полигонға жеке құрамды алып келіп, 3 күндік сабақ осында жүргізілетін болады. Содан кейін сынақ-тәжірибеден өтіп, өз қызметтерінде жұмыс істеулерін жалғастыра береді.
Департамент бастықтарының айтуынша, бұл тек тәжірибе ғана емес, 3 күн төңірегінде болса да, іс жүзінде маңызды жаттығу болмақ. Жаттығу алаңында лаңкестермен күрестің қалай жүргізілетінін көруге Ғазиз Байтасовтың да отбасын шақырған.
Гүлжан ТАЙШИЕВА, Ғ. Байтасовтың жұбайы:
- Ғазиздің бүгінгі ерлігін бағалап, елдің бәріне үлгі қылып, бүкіл Ішкі істер департаментінің қызметкерлерін оқу полигонына алып келіп, білім беріп жатыр. Менің ойымша, біздің Ішкі істер департаментінің қызметкерлері осы полигонда алған білімдерімен өз қызметтеріне толық дайын екендіктерін көрсетеді.
Болашақта өзен, шағын орман полигон аймағын кеңейтіп, жетілдіре түспек. Ең бастысы Отан алдындағы қызметтік парызды абыроймен орындай білу керек.
Дереккөз: 24.kz