25 ақпанда кешкі сағат сегізде атыраулық азаматтық белсенділер астананың тергеу изоляторында Дулат АҒАДІЛДІҢ қайтыс болуына байланысты көңіл білдіру мақсатында Исатай-Махамбет алаңына жиналды. Олар қолдарына оның суретін алып шықты.
– Дулаттың қазасы туралы бүгінгі хабар барлығымызға өте ауыр тиді. Дулаттың отбасына, туысқандарына, балаларына көңіл айтамыз. Ол өте батыл адам еді, - дейді Қасым ҚОЖАНТАЕВ. – Кез келген өмірге бей-жай қарамайтын адам солай істеген болар еді. Қоғам ұйқысынан оянуы керек, әйтпесе ештеңе өзгермейді.
– Ол азаматтық қоғамның белсенді өкілі болды, еліміздегі барлық наразылық акцияларына қатысты. Біз оның тергеу изоляторындағы өліміне жүрек талмасының себеп болғанына сенбейміз. Бұл істің әділ тергелуін, сондай-ақ, қауіпсіздік кеңесінің төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың отставкасын талап етеміз, - дейді Әлібек МҰСАҰЛЫ.
Еске сала кетейік, 25 ақпанда таңертең Нұр-Сұлтан полициясы азаматтық белсенді Дулат Ағаділдің тергеу изоляторында қайтыс болғанын хабарлады. Өлімнің алдын ала себебі - жүрек-қан қызметінің жетіспеушілігі. Қазір тергеу жүріп жатыр.
Осы хабардан соң астанадағы ІІМ ғимаратының алдына жағдайды түсіндіруді талап еткен бірнеше ондаған адам жиналды. Олардың көпшілігі ұсталды.
Дулат Ағаділ әлеуметтік желілерде өткір саяси тақырыптарды қозғап, азаматтық құқықтың бұзылуына наразылық танытқаны үшін бірнеше рет әкімшілік қамауға алынды. 2019 жылдың қарашасында тергеу изоляторынан қашып шығып, ол әрекетін "заңсыз қудалауға қарсылығым" деп түсіндірген болатын. Кейін белсенді екі күннен соң бас прокуратура алдына келген кезде оны полиция ұстады.
Дулат Ағаділдің артында 6 баласы қалды.
Әлібек Мұсаұлының айтуынша, полиция оларды ұстамаған, бірақ алаңда оларды аңдыған ҰҚКД қызметкерлерін байқаған. 20 минуттан соң жиналғандар тарап кетті.
Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА