Атырау, 26 сәуір 14:00
 ашықВ Атырау +23
$ 444.22
€ 476.38
₽ 4.82

Иранда парламент сайлауы басталды

2 136 просмотра


Жұма, 21 ақпанда Иранда парламент сайлауы басталды. Оған қатысатын барлық кандидаттарды билік алдын ала қатаң тексерістен өткізді. Ал сайлауға қатысқысы келген мыңдаған кандидаттың өтініші қабылданбады. Олардың арасында реформашылдары да бар, - деп хабарлайды Азаттық радиосы.

Иранның Конституцияны қорғау кеңесі 7 148 кандидаттың өтінішін қабылдады, алайда парламенттегі 290 орынға таласпақ болған шамамен 9 мың ирандықтың өтініші қанағаттандырылмады. Олардың арасында Иранның қазіргі парламентінің 90 мүшесі де бар. Олардың басым бөлігі - жаңа реформаны жүзеге асыруды қолдайтын саясаткерлер.

Сайлау қарсаңында АҚШ Иранның сайлау органының бес шенеунігіне санкция салды. Олардың арасында Конституцияны қорғау кеңесінің хатшысы ультра-консервативтік көзқарастағы Ахмад Джаннати де бар. АҚШ мемлекеттік департаментінің Иран бойынша арнайы өкілі Брайан Хуктің айтуынша, Джаннати кандидаттарды ығыстырып, “ирандық азаматтардың еркін әрі әділ сайлауға қатысуына мүмкіндік бермеген”.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпеоның мәлімдемесінде “Джаннати сияқты дін қызметкерлері соңғы 41 жыл ішінде ирандық азаматтарды шынайы сайлау құқығынан айырды” деп жазылған. Помпеоның айтуынша, ирандық азаматтардың “көзқарасын еркін жеткізуге құқығы бар, сол үшін қуғынға немесе қудалауға ұшырамауы тиіс. Иран азаматтарының үні естілуі тиіс”.

Сайлау учаскелері жергілікті уақыт бойынша таңертеңгі сағат 8-де (Нұр-Сұлтан уақыты бойынша 10.00) ашылып, кешкі 18.00-де жабылады. Бір аптаға созылған сайлау кампаниясы 19 ақпанда аяқталып, билік Тыныштық күнін жариялаған.


21 ақпан 2020, 10:42

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.