Мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің тергеу изоляторында жатқан Қырғызстанның экс-президенті Алмазбек Атамбаевтың денсаулығы нашарлап кетті, деп хабарлайды Sputnik Қырғызстан.
Саясаткердің денсаулығы туралы ұлы Қадырбек адвокаты Замир Жоошевке сілтеме жасап жазған.
"Әкемнің қан қысымы қатты төмендеп кетті. Дәрігерлердің айтуынша, ол кез келген уақытта инфаркт немесе инсульт алып қалуы мүмкін. Билік тәулік сайынғы мониторингтің нәтижелерін жасырып отыр. Адвокаттардың сөзінше, соңғы рет өлшегенде, қысымы 76/60 көрсеткен", - деп жазды ол Facebook-те.
МҰҚК баспасөз қызметі Атамбаевтың жағдайы тұрақты екенін мәлімдеді. Ведомство дәрігерлері тәулік бойы кезекшілікте, денсаулығын бақылап отыр, дейді олар.
Атамбаев қалай ұсталды
2019 жылдың 7 тамызында Кой-Таш ауылында арнайы жасақ Атамбаевты ұстау операциясын жүзеге асырмақ болды. Алайда бұрынғы мемлекет басшысының жақтастары оларға тойтарыс берді.
Саясаткерді ұстау операциясы екінші күні де жалғасты. Нәтижесінде Атамбаев қолға түсті. Екі күнге созылған қақтығыс салдарынан 136 адам зардап шеккен. Арнайы жасақтың бір сарбазы оқ жарақатынан көз жұмды.
Алмазбек Атамбаевтың бірнеше жақтасы да қамауға алынды.
Бұған дейін саясаткердің әйелі Раиса Атамбаева өзіне қатысты қылмыстық істер қозғалып жатқанын, отбасының банктердегі барлық есепшоты мен мүлкі бұғатталғанын мәлімдеген еді.
Дереккөз: Sputniknews.kz