Атырау, 26 қараша 12:25
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +3
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

​Тәліптер ресми мәлімдеме таратты: Ауғанстанда қандай ойын басталмақ?

4 231 просмотра


Өткен аптаның соңында Ауғанстандағы тәліптер мен АҚШ арасында келіссөздер өтті. Сөз болғаны Ауғанстандағы 18 жылға созылған соғысты тоқтату. Кеше тәліптердің жетекшілері жариялаған мәліметте ақпанның соңына қарай аталған келіссөз бойынша бейбітшілік келісімге қол қоятындарын білдірді. 

АҚШ өкілдеріне сілтеме жасаған ақпарат құралдары тараптардың уақытша соғыс тоқтатуға келіскенін, егер бұл келісім сәтті жүзеге асатын болса, АҚШ Ауғанстандағы барлық әскерін шығаратыны хабарлаған. Талибанның жетекшілерінің бірі, Дохадағы келіссөз тобының мүшесі Абдулла салам Хафани таратқан мәлімдемеде, соғыс тоқтату туралы келісімге осы айдың соңына қарай Катар астанасы Дохада қол қоюға шақыратыны айтылған. Тараптар Дохада 18 ай бойы келіссөз жүргізіп келген еді. Мәлімдемеге сәйкес, АҚШ пен тәліптер арасындағы диалог процесі соңына шыққан. «Қос тарап бейбітшілік келісімінің түпкілікті мәтінін дайындап болға». «Талибан»-АҚШ арасындағы қол қою рәсіміне куә болуға Ауғанстандағы саяси топ өкілдерінен тыс, барлық көршілес елдердің, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің, Ислам елдерінің және Еуропалық Одақтың өкілдері де шақырылмақ. Бұдан тыс, тараптар келісімге қол қойғаннан кейін АҚШ тұтқындағы 5 мың «Талибан» мүшесін босатады, ал «Талибан» да өз кезегінде мыңға жуық тұтқынды босатуы керек. Жоғары да атап өткеніміздей, осы келісім жүзеге асу үшін ең әуелі 7 күндік атыс тоқтату келісімі орындалуы керек. Үлкен соғысты тоқтату үшін 7 күндік атыс тоқтату мерзімі қысқа болып көрінгенімен, Ауғанстан үшін бір апта бойы жарылыссыз, атыс-шабыссыз өткізу де оңай болмақ емес. 

Егер тәліптер сөзінде тұрса ғана АҚШ тарабы келісімге қол қояды. Қазірге бұл атыс тоқтату аптасының қай күндер аралығына белгіленгені анық емес. Тәліптердің мәлімдемесіне қарағанда 22 ақпаннан бастап күшіне енетін уақыттық келісім болуы мүмкін. Тәліптермен келіссөз процесінің соңына шыққанын АҚШ өкілдері де растады. Олар да тәліптер елдегі зорлық-зомбылықты тоқтату туралы уәделерінде тұрса келісімге қол қою үшін келіссөз үстеліне оралатындарын айтады. Дегенмен, екі жақта Ауғанстандағы соғыс пен жанжалды тоқтату үшін ішкі келіссөздердің қашан басталатынын туралы анық мәлімет бермеген. 

Әрине, Құрама Штат әскерлері елден шығып кетісімен тәліптердің соғысатын жауы болмай қалмайды. Тәліптер елдегі ресми билікті құлатып, тұтас Ауғанстан территориясын өз қарамағына алғысы келеді. Ауғанстан ресми билігінің елдегі беделі соңғы жылдары төмендеп кетті және қарулы күші де әлсіз. Құрама Штат қолдауынан айырылса олардың тәліптерге қарсы төтеп беруі қиын. Ал, АҚШ қорғаныс министрі Марк Эспер жасаған мәлімдемесінде АҚШ-тың әскерлері Ауғанстаннан бір жола кетеді дегенді жоққа шығарған еді. Ол бір апта бұрын Мюнхендегі қауіпсіздік кеңесінде бейбітшілік келіссөздерінің нәтижесінде АҚШ-тың Ауғанстандағы әскер саны 13 мыңнан 8 мың 500 жауынгерге қысқартылуы мүмкін екенін айтады. Эспер осыны айта отырып «АҚШ лаңкестерге қарсы күресті тоқтатпайды» деген ұранға жақын сөзін қайталаған еді. Бұл мәселенің бір ғана жағы. Ауғанстан мәселесінің қыры көп. 

Бұл арада ірі державалардың да стратегиялық ойындары жүріп жатыр. Бұдан бірер жыл бұрын Ирак пен Сүрияда жеңіліс тапқан ДАИШ террорлық топтары Ауғанстанға жиналып жатқаны туралы хабарлар тараған. Осыған қарап алдағы уақытта Ауғанстанда жаңа ойынның шымылдығы ашылуы мүмкін деп болжаса да болады. Бұл Орталық Азия үшін қауіпті ойын болуы да мүмкін. Шын мәнісінде, Ауғанстанда нағыз ойыншының кім екені көзқарақты жұртқа белгілі. Тәліптер де, Ауғанстанның ресми билігі де, керек десе ДАИШ террорлары да ойыншы емес, шахмат тастары болуы ғажап емес. 

Дереккөз: Qazaqtimes.com

19 ақпан 2020, 16:39

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.