Атырау, 23 желтоқсан 18:47
 бұлттыВ Атырау -3
$ 523.86
€ 544.34
₽ 5.11

Атырауда Демократиялық партия белсенділерін ұстап жатыр

4 883 просмотра

Көрнекі сурет

Кешеден бері елімізде тіркелмеген Қазақстан демократиялық партиясының 22 ақпанда Алматыда өтуі тиіс құрылтайшылар жиналысына баруға жиналған атыраулық саяси белсенділерді ұстап, қамауға алу басталды.

17 ақпанда Атырау әкімшілік сотының қаулысымен 49 жастағы Қасым ҚОЖАНТАЕВ «сот шешімін орындамау» айыбымен 5 тәулікке қамалды. Ол Алматыға 18 ақпанға билет алып қойған. Полиция болжамы бойынша, Қожантаев терминал арқылы 75 мың теңге көлемінде несие алған және оны әдейі төлемеген. Алайда Қожантаевтың өзі тек несие ғана емес, сот шешімі туралы білмейтін болып шықты.

Сол түні полицейлер белгілі азаматтық белсенді Талғат АЯНДЫ да екі сағат бойы артынан бағып, бірақ ұстамаған. 18 ақпанда, оны полиция департаментінің жедел уәкілдері пікірлестерін Алматыға жүретін пойызға шығарып салып тұрғанда ұстап алды. Полицейлер оны ПД ғимаратына алып келді, бірақ ол өзінің адвокатынсыз ішке кіруден бас тартты.

– Бүгін мен шығарып салған бірнеше адамды «Атырау-Алматы» пойызына жібермеген, - деді Т.Аян «АЖ» тілшісіне.  – Мен ешқандай шақырту қағазын алғаным жоқ. Жәй ғана өзімнің достарым мен таныстарымды теміржол вокзалында жолға шығарып салдым, сол жерде мені ұстады. Оның себебін түсіндірген де жоқ. Менің адвокатым қазір сотта отыр, ал мен адвокатсыз жауап бермеймін.

Бүгін өз үйінің жанында «Атырау-Алматы» пойызына  отыру үшін вокзалға бармақ болған Дарья ОЛЖАҒАЛИЕВА ұсталды. Оны ПД алып келді, тергеуші Ақылбек ТАИШИЕВ одан екі сағат бойы жауап алған.

– Менің мәртебем – куәгер. Олар ҚР ҚК-ның 400-бабы (Жиналыстарды, митингілердi, пикеттерді, көше шерулерi және демонстрацияларды ұйымдастыру мен өткiзу тәртiбiн бұзу) бойынша қылмыстық іс қозғаған сияқты, - дейді Д.Олжағалиева.  – Жақында біз Макс БОҚАЕВТЫ босату үшін 1 наурызда митингіге шығуға адамдарды шақырған бейнежазба түсірген болатынбыз. Дегенмен, полиция дегеніне жетті, мен пойызға үлгермей қалдым.

17 ақпанда белсенді Алтынгүл ИШИМОВА полиция департаментіне жауап алуға шақырту алды. Ол бұған дейін «Саяси тұтқын Макс Боқаевты босатуды талап етеміз!» деген ұранмен бейбіт митинг өткізуге өтініш жазған еді. Ол Алматы пойызына отырғанымен полицейлер оны Мақат станциясында пойыздан түсіріп алды. Қазіргі уақытта Ишимованың қайда жүргені белгісіз.

Бұдан басқа Алматыға жүруге тиісті Рүстем ҚАЖЫМОВ пен Жарас МУСИН де ұсталды. Қазір оларды жауап алу үшін ПД-ға алып кетті.

– Жауап алып болған соң, олардың барлығы да босатылады, - деп хабарлады Атырау облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Соңғы күндері Қазақстанда түрлі айыптаулармен 30-дан аса белсендінің ұсталғанын айта кету керек. Полиция департаменті ғимаратының маңында жаңа ғана атыраулық құқық қорғаушы Әсел НҰРҒАЗИЕВА ұсталды.

Фархат ӘБІЛОВ

18 ақпан 2020, 14:38

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.