11 ақпанда түнгі сағат 3-те Атыраудың Лесхоз ықшамауданындағы жанармай құю бекетіне медициналық демперде киген екі қылмыскер шабуыл жасаған. Пышаққа ұқсас нәрсемен кассирді қорқытып, кассадан 200 мың теңге алып, іздерін суытқан. Бірақ көп ұзамай оларды полицейлер қолға түсіріп үлгерді.
- Олар 23 және 18 жастағы Лесхоз ықшамауданы мен Көкарна ауылының тұрғындары болып шықты. Қолды болған ақша кері алынып, екеуі де уақытша ұстау изоляторына қамалды, - деп хабарлады Атырау облысы полиция департаментінің өкілі Гүлназира МҰХТАРОВА. ҚР ҚК-ның 192-бабы («Қарақшылық») бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.
Айта кету керек, бұл биыл Атыраудағы жанар-жағар май бекеттеріне жасалған екінші қарақшылық шабуыл. Біріншісі 9 қаңтарға қараған түнде С.Датов көшесінде орын алды: екі қылмыскер күзетші мен сатушыны травматикалық тапаншамен қорқытып, кассадан 268 мың теңгені алып кетіп, жасырынған. Кейін олар да құрықталды.
Фархат ӘБІЛОВ