Атырау, 28 наурыз 19:50
 ашықВ Атырау 0
$ 449.58
€ 486.94
₽ 4.86

Айсұлтан айтып жатыр. Мұның соңы немен тынады

14 362 просмотра


Айсұлтан Назарбаевтың айтып жатқан сөздерінің әсері қандай болуы мүмкін және бұл жағдайдың немен аяқталуы мүмкін екені туралы ZTB.kz басылымымен қазақстандық саясаттанушы Мерхат Шәріпжан ой бөлісіпті.

– Айсұлтан Назарбаевтың айтып жүргендері шын ба, өтірік пе?

– Ол алтын аквариумда өскен алтын балық сияқты, шынайы өмірдің ішін де, сыртын да көрмеген. Сарай ішінде үнемі бақылауда болған бала. Екіншіден, ресми диагнозы қойылған кәдімгі наркоман. Фейсбукте бірнеше ай бұрын жазғаны мен қазір жаза бастағанын салыстырсақ, қазіргісінде нақты саяси мәлімдемелер бар. Бір жағынан жайсыз болса да, екінші жағынан өте қызық. Ал енді Айсұлтанның өзін дені сау адам деуге келмейді.
Ол тіпті көп құпияны біледі деп айта алмаймын. Нұрсұлтан Назарбаев та, марқұм Рахат Әлиев те жеке құпияларына анау-мынау адамды жолатпайтын адамдар. Президент Назарбаев өз туыстарынан бұрын Владимир Ким, Александр Машкевич сияқты өз уысындағы олигархтарға көбірек сенеді.
Меніңше, Айсұлтанды біреулер анық пайдаланып отыр. Өйткені Назарбаевтың "билік транзиті" дегені ешқандай да транзит емес, Қасым-Жомарт Тоқаев президент тағында тым уақытша отырған тұлға болса керек. Бар мәселе, одан кейін таққа кім келеді? Жанталастың бәрі осыған келіп тірелуде.

– Айсұлтанның кенеттен пайда бола қалғаны да саяси ойын болуы мүмкін бе?

– Өте мүмкін! Дариға Назарбаеваға қара күйе жағып тастағысы келетін күштер бар, өйткені Назарбаева қазір ел парламентіндегі жоғарғы палатаның спикері, турасын айтқанда, қазіргі номиналды президенттен кейінгі екінші адам. Тоқаев кез-келген себеппен орнын босатса – Дариға Назарбаева автоматты түрде мемлекет басшысы болады. Қазақстанда билікке таласып отырған, сарай төңірегін жағалап жүрген кландар көп. Қазақстан Түркіменстан емес, Өзбекстан емес. Қазақстан көбіне Ресейге келеді. Назарбаев өзі құрған жүйеде бас төреші сияқты, саясат болсын, экономика, қаржы сияқты мәселелерде бәрін өзі шешеді (түрмедегі пахандар сияқты). Оның екінші күйеу баласы Тимур Құлыбаев бар, Дариға Назарбаеваның өзі де өз ойынын жүргізіп отыр. Бұрынғы премьер-министр Кәрім Мәсімовтың да кланы бар. Шетелде отырып өз мүдделерін күйттеп отырған Мұхтар Әблязов бар. Айтпақшы, Айсұлтанды алғашқылардың бірі болып пайдалана бастаған осы Әблязов болды.

– Қазақстанда Нұрсұлтан Назарбаевтың рұқсатынсыз ештеңе жасалмайтынын айтып қалдыңыз. Ал немересінің мұндай масқараны жайып салғаны қарт ата үшін соққы болды ма?

– Әрине, өте ауыр соққы бұл! Бұл Айсұлтанның тек Дариғаны қаралау үшін ғана емес, Нұрсұлтан Назарбаевтың өзіне қарсы шабуыл жасау үшін пайдаланылғанын көрсетеді. Айсұлтанды шынымен де біреулер пайдаланып отыр.

– Осындай жағдайдан кейін Айсұлтанның тірі қалмауы да мүмкін бе?

– Әрине, ол басын қатерге тікті.

– Ол айтқан ресейлік-қазақстандық жемқорлық схемасы шынымен де бар ма? Шын болса, неге ешкім үндемей отыр?

– Оның себебі, Қазақстанда аса ауқымды жемқорлық схемалары өте көп. Ресей тұрмақ, Қытай, тіпті америкалық компаниялардың қатысуымен де талай жемқорлық схемалары жасалып кеткен. Мысалы, 90-шы жылдардың аяғы мен 2000 жылдардың басындағы "Казахгейт" дауы бар, онда қазақстандық шенеуніктердің қолымен американың корпорациялары ірі мөлшерде пара алу былығына батырылған еді. Меніңше, Айсұлтанның аузымен бұл схема туралы айтылғаны – Назарбаевтың кланына шабуылды үдету үшін жасалды. Бұрын ешкім білмеген бір былық ретінде бір жаңалық ашпақ болды. Әрине, Айсұлтанның бар айтқаны шындық болуы да мүмкін. Бірақ оны әзірге өзінен басқа ешкім қалың бұқара үшін растап бере алмайды, өйткені оны салдары болады. Ал мына жағдайда бәрін баспасөз бен әлеуметтік желілерге аудара салуға болады, мұны да саяси ойын деп қабылдау керек.

Дереккөз: Zakon.kz

17 ақпан 2020, 14:37

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.