Атырау, 27 сәуір 08:39
 ашықВ Атырау +27
$ 443.35
€ 475.54
₽ 4.82

Бөрі етектен алды

5 584 просмотра


Құрманғазы ауданындағы Асан, Мақаш, Сафон, Сүйіндік, Дыңғызыл, Еңбекші, Орлы округтерінің тұрғындары үшін түз тағысы бас уайымға айналып отыр. Мал ұстаған шаруалар қасқырдың шамадан тыс көптігінен малын өріске жібере алмай, қорада ұстауға мәжбүр.

- Ауыл малсыз күнін көре алмайды. Бірақ сол күнкөрісімізге айналған малды ұстау жылдан-жылға қиындап барады. Биыл қыс жұмсақ болды, қар жерге аз түсті. Бұл малды далаға жаюға мүмкіндік берді. Бірақ далалыққа жайылса, қасқырдың жемтігіне айналады, жылқы мен түйені де қолда ұстап отырмыз, - дейді тұрғындар.

Бұл жерде заңнан да қиындықтар бар екен. Бұрынғыдай әуесқой аңшылар түз тағысын өздігінен ата алмайды. Себебі, Ауыл шаруашылығы Министрлігі бұйрығының 11-қосымшасына сәйкес, қасқыр аулауға шектеу қойылған және аңшы қасқыр аулау үшін бірнеше құзырлы органдардан өтіп, рұқсат алуы тиіс. Бір аңшыға 3 қасқыр аулауға ғана рұқсат берілген.

Аумақтық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының маманы Эльмира ҚҰРМАНҒАЛИЕВАНЫҢ айтуынша, облыс бойынша бір жылға 903 қасқыр жойылуы тиіс:

- Нұсқамалар мен нормативтік актілерге өзгерістер енгізу керек,- дейді Э. Құрманғалиева. - Қазір аңшыларды салаға бөлмеген, әуесқойдың ішінде балық аулау, құс ату болса, оған қасқыр аулауды қоса міндеттеген. Қалалық аңшылар лимитті көп алып отыр, ауылдықтарға санаулы.

- Ауданнан бір арнайы мекеме ашып, қасқыр атуды сол мекемеге жүктеген дұрыс. Аңшыларға шектеу қоймасын, - дейді құрманғазылық аңшылар.  

Ал Құрманғазы ауданы әкімі Қайрат НҰРТАЕВ құрманғазылық тұрғындардың жан айқайынан кейін түз тағысын аулауды реттеу жөнінде облыс әкімінің орынбасары Әлібек НӘУТИЕВКЕ хат жазып, жауабын күтіп отыр.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

16 ақпан 2020, 12:53

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.