Атырау, 25 қараша 10:15
 ашықВ Атырау +4
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Доссордағы жерасты "өткелі"

Сурет Бейнежазба
5 108 просмотра


Мақат ауданы Доссор кентіне қарасты екі мыңнан астам халқы бар «Ынтымақ» және «Бірлік» елді мекендерін орталықпен темір жол бөліп тұр. Осы жердің тұрғындары емхана, балабақша, мектепке немесе шенеуніктердің біріне бару үшін темір жол астынан салынған құбырдан өтеді. Екі ортаға қатынайтын автомобиль жолы бар, бірақ ауылдан алыс.

Тұрғындармен тілдеспестен бұрын «АЖ» тілшісі құбыр бойымен жүріп өтті. Айнала ми батпақ, тайғанақтап құбырдың келесі бетіне шығу оңай болмады. Қараңғы үңгірге кіргендей болдық. Тар, әрі қолайсыз. Бойшаң адамдарға тіптен қиын. Ұзын құбырдан өту қарттар үшін оңай емес, ал мектеп оқушылары әбден машықтанған. Бұл жерден күніне жүздеген адам өтеді.


- Менің жасым 80-де, бұрыннан «Бірлікте» тұрып келемін. Орталыққа тіке шығу үшін осы жерден өтеміз, - дейді ауыл қарты Тұрғали ДҮЙСЕНБЕКОВ. - Таңертең ерте, кеште құбыр іші қараңғы. Ондайда ұялы телефон жарығын пайдаланамыз.

- Мектеп оқушылары да осы су құбыры арқылы өтіп жүр. Қар ерігенде бұл жерден де өте алмай қаламыз, себебі құбыр суға толады, - дейді Қайрат ҚАСЕНЕЕВ. - Балалар сабақтан келгенше үнемі қорқынышта отырамыз. Жаяу жүргіншілерге жол салу жөнінде бірнеше жылдан айтып келеміз, бірақ шығып жатқан нәтиже жоқ.


Мақат ауданы әкімінің орынбасары Тілек НҰРПЕЙІСОВ:

- Теміржол тұсынан жаяу жүргіншілерге арнап өткел салу мәселесі талқыланып жатыр. Алдымен тұрғындармен кездесіп, темір жолдың үстімен немесе астымен өту тиімді екенін ақылдасамыз. Жан-жақты зерделеніп болғаннан кейін бір шешімге келеміз. Негізінде 2017 жылы ауданның бас жоспарында аспалы көпір салу жоспарланған екен. Жобалық-сметалық құжаттарын жасауды қолға алуымыз керек.



Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Суреттер мен бейнежазбаны түсірген автор 

16 ақпан 2020, 12:29

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.