Атырау, 27 сәуір 02:25
 ашықВ Атырау +24
$ 443.35
€ 475.54
₽ 4.82

Дамбы ауылында жеті қытай тіркелгені жалған болып шықты

Бейнежазба
3 440 просмотра


Әлеуметтік желіде Дамбы ауылының бір тұрғыны үйін сатар кезде жеті қытай азаматы тіркеуде тұрғаны анықталыпты деген аудиожазба пайда болды. Бұл туралы ресми ақпарат алу үшін «АЖ» ХҚКО-ға және Полиция департаментіне хабарласты.  

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Атырау филиалының баспасөз қызметі бұл мәселенің оларға еш қатысы жоқ екенін хабарлады: 

- Бұл мәселе көші-қон қызметінің құзырында. Азаматтардың қолайлылығы үшін ғана бұл қызмет ХҚКО-да орналасқан.

Атырау облысының полиция департаментіндегілер бұған таң қалды, алайда желідегі ақпаратты тексеруге уәде берді. Кейінірек Полиция департаменті көші-қон қызметі бастығының м. а. Руслан ӘДІЛОВ былай деді:

- Біз Дамбы ауылының барлық тұрғындарын тексердік, алайда бұл ауылда Қытай азаматтары тіркелмеген. Яғни, әлеуметтік желідегі ақпарат шындыққа жанаспайды. Бүгінде біздің өңірде жергілікті болып тіркелген 36 шетел азаматы тұрады. Оның 35-і Қазақстан азаматтығын алу рәсімінен өтіп жатқан оралман және бір ҚХР азаматы жергілікті тұрғынға тұрмысқа шыққан. Уақытша тіркелген Қытай азаматтары бар. Олардың барлығы «China National Chemical Enginnering Co» ЖШС-да жұмыс істейді және сол жұмыс орны маңындағы жатақханаларда тіркелген.

2018 жылдан бері ІІМ, Әділет министрлігі және ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі электрондық үй кітабын енгізді, онда ЭЦҚ бар үй иесі мекенжайы бойынша тіркеуде кім тұрғанын қадағалай алады. Жалықпай, қарап қойыңыздар. Сондай-ақ, ҚР ӘҚБтК 493-бабы бар (Тұрғынжай меншік иесiнiң немесе қарамағында тұрғынжайлар, ғимараттар және (немесе) үй-жайлар бар басқа да тұлғалардың оларда нақты тұрмайтын жеке тұлғаларды тіркеуге жол беруі не меншік иесіне тиесілі немесе басқа да тұлғалардың қарамағындағы тұрғынжайларда, ғимараттарда және (немесе) үй-жайларда тіркелген және тұрмайтын жеке тұлғаларды тіркеуден шығару жөнінде шаралар қолданбауы не жеке тұлғалардың тіркеусіз тұруына жол беруі). Жазасы – 10 АЕК мөлшерінде айыппұл, жыл ішінде қайталанған жағдайда - 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады. 



Фархат ӘБІЛОВ

"АЖ" суреті мен бейнежазбасы

15 ақпан 2020, 12:18

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.