Атырау, 26 қараша 14:40
 бұлттыВ Атырау +2
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

ДДСҰ сарапшысы: Коронавирус әлем халқының үштен екісіне жұғуы мүмкін

3 064 просмотра


Қытай ғалымдары коронавирус әлем халқының үштен екісіне жұғуы мүмкін деп болжайды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының кеңесшісі Айра Лонджини Bloomberg агенттігіне берген сұхбатында осылай деді.

Қытайдағы вирустың таралуын зерттеп жүрген Лонджинидің айтуынша, әрбір науқас орташа есеппен екі-үш адамға инфекция таратады. Кейбір адамдарда коронавирустың белгілері аса қатты білінбейді, бұл ауруды ертерек анықтауды қиындатып отыр.

Сарапшының пікірінше, науқастарды алшақтап, карантинге жіберу коронавирустың таралуына тосқауыл бола алмайды. Алайда Қытай қолданып жатқан шаралар басқа мемлекеттерге эпидемияға дайындалуға мүмкіндік береді.

Соңғы дерек бойынша, Қытайда вирусты жұқтырғандар саны 64 мыңға жуықтады. Соңғы тәулікте бес мыңнан астам адамнан вирус табылған. Желтоқсан айынан бері коронавирустан 1380 адам көз жұмды. Шамамен жеті мыңға жуығы жазылып кетті.

Қытайдан тыс аумақта 500-ден астам адам ауруға шалдыққан. Олардың жартысы Жапонияда тұрады.

Орталық Азия елдерінде коронавирус жұқтырғандар жоқ. Қазақстан ақпанның басынан бастап, Қытайға баратын транспорттың барлық түрін шектеп, қытайлықтарға виза беруді тоқтатқан. Ақпанның басында Қазақстан Уханьда оқып жатқан 80 студентін кері қайтарды. Кейін Қытайда жүрген Қазақстанның 8 азаматы Ресей мен Өзбекстанның ұшақтарымен осы елге келген. 11 ақпанда Қазақстан Қытайдан 217 азаматын, 13 ақпанда 211 азаматын эвакуациялады.

Қазақстан денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, қазір Қытайдан келген 20 қазақстандық температура және тұмаумен ауруханада жатыр.

13 ақпанда Жапонияның Йокогама қаласының жағасында коронавирустан соң карантинге жабылған Diamond Princess круизінде Қазақстанның төрт азаматы бар екені анықталды.

Дереккөз: Азаттық радиосы


14 ақпан 2020, 15:17

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.