Шетелдіктерді Жезқазғанның жезі ғана емес, жер астынан шығатын экологиялық жағынан өте таза ауызсуы да қатты қызықтырып отыр. Бұл суды ішіп көрген еуропалықтар құрамында әртүрлі минералды тұздары бар «Боржомидан» бас тартып, Жезқазғанның мөлдір суын сатып ала бастады.
Жер ортасы - Жезқазғанның суына еуропалықтардың ынтық болуының өзіндік сыры бар. Жеті қабат жер астындағы мұзарттан еріген судың құрамында ешқандай минералдық тұздар жоқ, шын мәнінде табиғи дистилденген саф таза, ең сапалы су болып саналады. Суды құмыраларға құйып, Еуропаға асырып жатқан қазақстандық бизнесмен Воррахмет Елеевтің айтуынша, Жезқазған түбінен шығатын әлемдегі ең таза ауызсу Кеңес Одағы тұсында да өндірілген екен. Бірақ «Боржоми», «Ессентуки» минералды сулары сияқты кеңінен таралмаған.
Тым тереңнен шығатын Жезқазған суына тең келетін ауызсу әлемде сирек кездеседі екен. Сондықтан ол ірі партиялармен шығарылмайды. Мәселе оның сапасы мен бағасында. Сапалы судың қоры неғұрлым аз болған сайын, оның құны қымбат болатыны белгілі. Мысалы, Fine суы Фудзи тауының вулкандық белдеулерінен 640 метр тереңдіктен алынады және оның құмыраға құйылғаннан кейінгі құны - 6 доллар. Ал Ньюфаундленд жағалауындағы 15 мың жылдық айсбергтерден алынатын Berg атты судың жарты литрі 7 доллар тұрады. Сатылымдағы судың ең қымбаты және ең тазасы - Канададағы Ванкувер қаласының солтүстігіне қарай екі жүз шақырымда тұрған мұзарттан шығатын «10 Thousand BC» сусыны көрінеді.
Жезқазған суының алғашқы партиясы қандай бағамен қай елге кеткенін, сондай-ақ зәм-зәм бұлақтың көзі қай жерде екендігін бизнесмен әзірге ашып айтпай отыр.
Дереккөз: aikyn.kz