Бүгін, 16 қарашада Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің баспасөз қызметі Атырау облысындағы бюджет қаржысын ұрлау фактісі бойынша тағы бір қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
Атырау қаласының оң жағалау бөлігінің су жинау және суды тазарту құрылғыларын салу кезінде 227 млн теңге бюджет қаражатын ұрлау фактісі бойынша Атырау қаласының құрылыс басқармасының, Атырау облысының энергетика және коммуналдық шаруашылық департаменті мен «Азия Маркет С» ЖШС лауазымды тұлғаларына қатысты қылмыстық іс қозғалды. Осыған байланысты 13 қарашада 6 адамға: «АтырауГрандСтрой» ЖШС директоры ЖҰЛМАҒАМБЕТОВ, «Центр Строй ЛТД» ЖШС директорының орынбасары ДАНЕВИЧ, «BNB Construction» ЖШС есепшісі АЗБЕРГЕНОВА және ІЗБАСАР, СҮЛЕЙМЕНОВ пен ЖЕЛДІБАЕВ деген азаматтарға іздеу жарияланды.
2012 жылғы 8 қарашада бұрын облыстық Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының бастығы боп жұмыс істеген бұрынғы облыстық құрылыс басқармасының бастығы Нұрлан КЕНЖЕБЕКОВ ұсталып, сот санкциясымен үйқамаққа алынды. Оған «Атырау-Доссор-Мақат» су құбырын салуға бөлінген 3 млрд теңгеден астам бюджет қаражатын ұрлауға қатысты деген айып тағылып отыр.
Ал 4 қарашада жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде жалған кәсіпорындардың есеп-шоттары арқылы ақшаны қолма-қол ақшаға айналдыру жолымен бюджет қаражатын ұрлауға қатысты деген айыппен іздеуге жарияланған Корицкий Орал қаласында ұсталды.
Бүгінгі күні Атырау облысы әкімшілігінің лауазымды тұлғалары және мердігерлік ұйымдардың басшылары тарапынан мемлекетке жалпы мөлшері 34 млрд теңгеден астам залал келтірген сыбайлас жемқорлық деректері бойынша қозғалған 31 қылмыстық іс тергелуде. Осы қылмыстарды жасады деген айыппен 9 адам қамауға алынды, 3-уі үйқамаққа алынып, 11 адамға іздеу жарияланды.
Мемлекетке келтірілген залалды өтеуге бағытталған жұмыстар жүргізіліп жатқандығы қосымша хабарланды. Бүгінгі күні жалпы құны 21 млрд теңгені құрайтын заңсыз жекешелендірген 13 нысан ерікті негізде мемлекет меншігіне қайтарылған.
Әрі қарай залалды өтеу мақсатында мүліктің 400 түріне тыйым салынды. Олардың қатарында: 108 жер учаскесі, 170 бірінші және екінші кезектегі нысандар (әкімшілік ғимараттар, тұрғын үйлер, кеңсе ғимараттары мен пәтерлер), 5 коммерциялық ұйымдардың жарғылық капиталына қатысу үлестері, 19 көлік құралы, 91 бірлік түрлі құрал-жабдық, жалпы сомасы 1,1 млрд теңгеден асатын 11 банкілік есеп-шот пен 1 сауда-ойын сауық орталығы бар.
Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА