Латвия президенті Эгил Левитс парламенттің Адам құқығы және қоғамдық істер жөніндегі комиссиясына қайрылып, Электронды БАҚ туралы заңды қайта қарауды ұсынды. Мемлекет басшысы Еуроодақтың ресми тілдерінде хабар тарату көлемін арттыруды сұрады. Егер бұл ұсыныс қабылданса, орыс тілінде хабар тарату 20 пайызға азаяды. Еуропа Одағының 24 ресми тілі бар. Олардың арасында ағылшын, неміс, испан, латыш тілдері бар.
Президенттің пікірінше, бұл талаптар бағдарламаларды ретрансляция жасайтын кабельдік телеарна, электронды БАҚ-қа да қатысты.
"Ақпарат кеңістігі - Латвия демократиясы мен қауіпсіздігіне қатысты маңызды мәселе. Еуропаның мәдени кеңістігіне сіңіп, Еуропаның ақпараттық ортасына енуі үшін Латвия тұрғындары сапалы және плюралистік бағдарламалар көре алуы тиіс, осының заңнамалық тұрғыда тетіктері болуы тиіс" деді Левитс.
Оның сөзіне қарағанда заңдағы өзгерістер бұған дейін тиімді шешімі табылмаған қордаланған мәселелерді шешуге көмектеседі.
2019 жылы Латвияның электронды БАҚ жөніндегі ұлттық кеңесі "украиналықтарға жеккөру сезімін тудырғаны үшін" ресейлік РТР-Россия арнасын ретрансляция жасауға тыйым салған.
Дереккөз: Азаттық радиосы