Атырау, 25 сәуір 14:58
 ашықВ Атырау +21
$ 443.85
€ 474.30
₽ 4.80

Миллиардтар бөлінген жобалардың тағдыры

Сурет
3 571 просмотра


Сен пернетақтаны тарсылдатып, не жазып кеттің? – деп сұрайды әріптесім.

-Жәй, жобаларды аяқтап жатырмын, - деймін мен биліктің ауқымды жобалары туралы жазып отырғанымды меңзеп. Ал ондай іс біздің Атырау облысында жетіп жатыр.

-Ең болмаса бір адам аяқтайтын болды-ау, - деп әзілдеді ол. Күліп алдық.

Көлемді мақала шықты. Менің ойымша бұл Атырау облысында бір бөлігі ғана орындалып, орындалып-орындалып, аяқталмай қалған жобалардың бір парасы ғана. Орындалар ма екен? Жаңылтпаш сияқты болып кетті ме?

Тұрып қалған жобалардың ішінде жаңа басталған және аяқталуына аз қалғандары да бар екенін атап өткен жөн. Аллаға сыйынып, күту ғана қалды.

КИНОКОНЦЕРТ ЗАЛЫ


1200 орындық киноконцерт залы 2011 жылдың аяғына дейін пайдалануға тапсырылуы тиіс еді. Еске сала кетсек, жобаның жоспарымен «Атлант-Б» ЖШС-і айналысты, ал құрылыс жұмыстарын «Снабойлстрой» мердігерлік компаниясы жүргізді. Жұмыс тәулік бойы тоқтаусыз жүргізіліп, аяқталу мерзімінен бұрын бітірмек болған. Алайда 2012 жылы «Снабойлстрой» ЖШС иесіне қатысты ірі мөлшерде бөтеннің мүлкін иелену туралы қылмыстық іс қозғалып, құрылыс сол күйі тоқтап қалды.

2014 жылдың маусымында облыстық құрылыс басқармасы  бастығының міндетін атқарушы Мұратбек ҚАЙДАУЛОВ киноконцерт залы  2017 жылдың екінші жартыжылдығында пайдалануға беріледі деп алдын ала болжамды уақытын атады.  Бірақ бірнеше ай өткеннен кейін мәслихат сессиясында сол кездегі әкім Бақтықожа ІЗМҰХАМБЕТОВ 600 орынға арналған драма театрға сонша көрермен жиналмайтынын алға тартып, бұл әуел бастан қате ойластырылған жоба болды деп мәлімдеді.

-Концерт залын бұзып, қайтадан зерттеп, оның ішінде пайдаға асатын материалдарды анықтау керек. Іргетасын құлатудың қажеті жоқ. Оған кеткен 400 миллион теңгені үнемдеп,  балабақша салайық...

2019 жылдың 16 қаңтарында мен құрылыс басқармасының басшысы Мәлік АМАНОВПЕН кездестім. Ол құрылысы бітпей тұрған концерт залының ғимаратын қайта қалпына келтіру туралы шешім қабылданғанын айтты. Қалай ойлайсыңдар, қалпына келді ме? 

Осыдан кейін концерт залына қатысты қандай болмасын ақпарат алуға тырысқаныммен, ешкім нақты жауап бере алмады.

ФАРМАЦЕВТИКА ЗАУЫТЫ


Фармацевтика зауыты құрылысының ресми басталуы 2014 жылдың 29 тамызында Атырау-Орал тас жолының 5-шақырымында аталып өтті. Оған сол кезде әкім болған Бақтықожа Ізмұхамбетов қатысты. Сол шарада экожүйеге мейлінше аз әсер ететін «жасыл» құрылыс нормасына сай жүргізілетін зауыт құрылысының бас жобалаушысы - «АтырауСтройПроект» ЖШС, ал үнді компаниясы KnexirconsultantsprivateLimited қосалқы мердігер болатыны айтылған-ды.  Жоба идеясы «LumpanCaspianPharmaceuticalLLP» (Индия) ЖШС-ге тиесілі.  Болашақ зауыттың жылдық қуаты 800 миллион таблетка, 300 миллион капсула, 78 млн ампула, 3 млн жақпамай қаптамасы, 12 млн тамырға егу сұйықтығы құйылған пластик флакон және 24 миллион флакон антибиотик шығару жоспарланған. Құны 3,7 млрд теңгеге бағаланды.

Жоспар бойынша өндірісті пайдалануға берудің бірінші кезеңі 2015 жылдың ІІІ тоқсаны  деп белгіленді.  Алайда 2015-те де, 2016-да да жоспар жүзеге асқан жоқ.

2017 жылдың 21 ақпанында облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар ДҮЙСЕМБАЕВ құрылысын үнділер бастаған заутты «Флавия» чех компаниясы аяқтайды деп брифингте мәлімдеді. Пайдалануға берудің бірінші кезеңін 2017 жылдың аяғына белгіледі. Бір аптадан кейін басқа брифингте кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Дияс ЖӘНІБЕКОВ «АЖ» сұрақтарына жауап бере отырып, «Флавия» енді мұнымен айналыспайды,  құрылысты үнді компаниясы қайта қолға алды деп хабарлады.

-Бастапқыда жобамен чех компаниясы айналысқан. Бірнеше рет кездесіп, ақылдасқаннан кейін олардың бұл жобаны іске асыра алмайтыны белгілі болды. Сосын әлем бойынша осындай құрылыс жобасымен айналысқан тәжірибесі бар Индиядан басқа жобалаушы табылды. Қазір бұл жоспарды жүзеге асыруға ешқандай кедергі жоқ. Құрылыс жүріп жатыр. Жылдың аяғына дейін өндірістік ғимараттың құрылысын аяқтау жоспарланып отыр. Кеңсесі дайын тұр, - деді сол кезде Жәнібеков.

Өздеріңіз көргендей, 2017 жылдың аяғында ғажайып оқиға болған жоқ. Ал, екі жылдан кейін қаржы жетіспеушілігіне байланысты құрылыстың уақытша тоқтап қалғаны «АЖ»-ға белгілі болды. Осы уақыт аралығында жобаның құны алғашқы есептелген 3,7 млрд-тан 7,4 млрд теңгеге өскен.

ЖАЯУ ЖҮРГІНШІЛЕР ЭСТАКАДАСЫ

2016 жылдың басында Атырау қалалық әкімдігі көлік көп қатынайтын жерден жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігі үшін жолдан өтетін Сәтпаев даңғылы мен Студенческий және Пушкин көшелерінің қиылысындағыдай бес эстакада  салуды жоспарлаған еді.

Мысалы, Дина Нұрпейісова атындағы музыкалық акдемия жанындағы эстакада құрылысына  бюджеттен 117 млн теңге бөлінді. Бірақ, сол кездегі қалалық құрылыс бөлімінің бастығы Серік ЖҰМАШБАЕВ жемқорлық және бюджет қаражатын иемденгені үшін сотталып, қаржы полициясы оның қолы қойылған құжаттардың барлығын бұғаттап тастады, оның ішінде эстакадалар бойынша да құжаттар болды.

Содан кейін ұзақ-сонар сот тергеуі жүрді. Мәселен, сол 2016 жылы теміржол вокзалы маңында 50 метрлік жаяу жүргіншілерге арналған өткелдің құрылысы басталды. Оны сол жылдың маусым айында тапсыру керек еді. Бірақ сот шешімімен мердігер мекеме «БК и КО» ЖШС-ні жосықсыз орындаушы деп танылып, келісімшарттар бұзылып, сол себептен жұмыс тоқтатылды.

2018 жылдың қараша айында қалалық құрылыс бөліміне хабарласқанымда, қала бойынша жаяу жүргіншілерге арналған 5 эстакада мына мекенжайларда тұрғызылатынын айтқан:  

-Баймұханов көшесінде (теміржол вокзалы маңы);

-Махамбет көшесінде («Светлана» маңы);

-Азаттық даңғылы (Мемлекеттік кіріс департаменті маңы);

-Сәтпаев даңғылы (Тайманов көшесімен қиылыста);

-Сәтпаев даңғылы (Д.Нұрпейісова атындағы музыкалық академия маңы).

Бұлардың құрылысы басталды, сегіз айдан кейін, яғни 2019 жылдың маусым айында пайдалануға беріледі деген. Бірақ эстакада әлі жоқ.

Кейінірек 2019 жылдың тамыз айында қалалық құрылыс бөлімінің басшысы Айбек ЖӘЛЕЛОВ  енді 5 емес, тек 3 эстакада бойынша жоба дайындалып жатыр, құрылысы жақын арада басталады деп хабарлады.

Жаңа жоба бойынша жаяу жүргіншілер өткелі мына көшелерде орнатылу керек:

-Баймұқанов көшесінде (Привокзальный);

-Исатай мен Махамбет алаңы жанында;

-Д.Нұрпейісова атындағы музыкалық акдемия маңында.

«АЖ» сол кездегі қала әкімі Әлимұхаммед ҚҰТТҰМҰРАТҰЛЫНЫҢ атына бұрын жоспарланған 5 эстакаданың екеуі қайда кеткенін анықтау үшін хат жолдаған еді.  Жауап келмеді. Сол себептен мен екі эстакада (Музыкалық академия маңы мен Баймұқанов көшесінде) құрылысының мердігері «АИС» ЖШС-нің баспасөз қызметіне жүгіндім.

Біріншісіне қатысты:

-Іргетасы дайын, қазір мұнараның темір құрылымдарын, баспалдағын жинауға, монолитті бетон бағаналарын  тұрғызуға кірісіп кеттік, кейінірек арасындағы тақтайшаларды құрастырамыз. Жоба бойынша жер үстіндегі жаяу жүргіншілер өткелін биыл мамыр айында тапсыру жоспарланды. Мүгедектер көтерілетін көтергіш (лифт) қарастырылған, - деп хабарлады баспасөз қызметінде.

Екіншісіне қатысты:

-«Баймұқанов көшесінде (теміржол вокзалы) жаяу жүргіншілер өткелінің құрылысы» жобасын іске асыруға мердігер бірінші жобаны аяқтағаннан кейін кіріседі. Тапсырыс беруші - қалалық құрылыс бөлімі.

Исатай мен Махамбет алаңы маңындағы үшінші өткел бойынша «АЖ»-да әзірге мәлімет жоқ. 

ЖАСТАР ПАРКІ

Атырау мемлекеттік Университеті тұсындағы Жайықтың жағасында жастар паркін салу туралы ойын сол кездегі қала әкімі Серік АЙДАРБЕКОВ осыдан жеті жыл бұрын айтқан еді. Бір қызығы, оның жобалау-сметалық құжаттары да сол кезде дайын тұрды. Бірақ экономикалық дағдарысқа байланысты сол 2016 жылы жобаны іске асыратын қаражат көзі табылмады.

Бұдан бұрын жасалған ЖСҚ-ға сәйкес, алаңы 6 гектарға есептелген саябақта екі фонтан, балалар мен ересектерге арналған үш бассейн, 2 қабатты кафе, жазғы амфитеатр, аттракциондары бар ойын-сауық аймағы, теннис корттары мен үстел теннисіне арналған алаң, волейбол және баскетбол алаңдары, шағын футбол, картинг алаңдары, тренажер залы және тренажерлары бар ашық алаң, 150 көлікке арналған автотұрақ қарастырылған. Жобаны іске асыру құны 852 млн теңгеге есептелген.

2018 жылы қалалық құрылыс бөлімі саябақтың құрылысы әлі де ірі мұнай компанияларының бірінен демеушілік қаражатты күту режимінде тұрғанын хабарлады. Сол кезде әңгіме 4 млрд теңгеге жуық ақша туралы болды.

Сонымен 2020 жылдың қаңтар айында жастар паркінің құрылысы ақыры басталды. Ол әлеуметтік-инфрақұрылымдық жобалар бағдарламасы бойынша НКОК компаниясының қаражаты есебінен жүргізілуде. Тапсырыс беруші – облыстық құрылыс басқармасы, ал мердігер мекеме – «БатысАльянсСтрой» ЖШС. Құрылыс мерзімі: басталуы - 2020 жылдың қаңтар айы, аяқталуы – 2021 жылдың қаңтары.

Мен «БатысАльянсСтрой» ЖШС-нің құрылыс бойынша учаске бастығы Серік АСАНОВПЕН байланыстым.

-Әзірге тек жерді дайындау жұмыстарына кірістік, іргетасын кейінірек саламыз, - деп хабарлады Аманов. – Қазір бұл жерде 50 адам жұмыс жасайды, бәрі де жергілікті тұрғындар.  

Бастапқы жоба бойынша 45-метрлік шолу дөңгелегі қарастырылған еді, бірақ қазір ол желдің күшімен құлап кетуі мүмкін деген қауіп бар.

Амановтың айтуы бойынша демалыс орнында көгал, жайлы орындар, субұрқақтар және ең бастысы жасыл желекке оранған жер болады.

ЖАҢА ЖАҒАЛАУ

2018 жылы қаланың орталық бөлігінде Жайықтың оң жақ жағалауы қайта жаңғырту үшін жабылған еді. Жоба бойынша жаңартылған жағалаудың ұзындығы Әлиев көпірінен АМУ ғимаратына дейін 2 шақырымды құрауы тиіс еді. 2019 жылдың мамыр айындағы жағдай бойынша бұл жердегі жұмыстың шамамен төрттен бірі орындалды, тіреу қабырғалары орнатылып жатты.

Жобаланған жағалау шартты түрде үшке бөлінген:

- ұзындығы 550 метр болатын алғашқы бөлігі көпірден басталады. Мұнда жаяу жүргіншілер аймағы мен 1700 шаршы метр жағажай аймағы қарастырылған. Жаяу жүргіншілер аймағында екі субұрқақ пен балалар ойын алаңы болады;

- екіншісі (644 м) - жаяу жүргіншілер аймағы; 

- үшіншісі (667 м) облыс әкімдігі маңында екіншісін жалғастырып кетеді. Екеуі қосылатын жерде стелла орнатылған шолу алаңы қарастырылған, ал оған қарсы өзеннің үстінде қалқымалы субұрқақ болады.

Жаңартылған жағажай 2020 жылдың сәуір айында пайдалануға берілуі тиіс болатын. Алайда қазіргі уақытта ауданаралық экономикалық соттың шешімі бойынша экологиялық сараптама қорытындысын алғанға дейін құрылыс тоқтатылды.

Анастасия АЛЮШИНА

Суретті түсірген автор және «АЖ» мұрағатынан

11 ақпан 2020, 17:07

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.