Жақында болған Атырау қаласының әкімі Қайрат ОРАЗБАЕВТЫҢ жылдық есеп беру жиналысына облыс әкімі Махамбет ДОСМҰХАМБЕТОВ қатысып, пікірін білдірді.
Төменде оның жұртшылық алдындағы алғашқы сөйлеген сөзінің кейбір сәттері беріліп отыр. Әңгіме негізінен қалаға қатысты мәселелер туралы болды, ал Досмұхамбетовтің облыс әкімі ретіндегі есебі алдағы күндердің еншісінде.
– Атырау-Астрахань тас жолын жөндеу жүргізілуде, оны аяқтау 2022 жылға жоспарланып отыр, бірақ әкімнің айтуынша, бәлкім 2021 жылдың аяғында пайдалануға берілуі мүмкін.
– Өткен жылы Нұрсая, Жұлдыз және Ракуша ықшамаудандарында 3 мектеп пайдалануға берілді. Қазір Береке (1200 орынды), Самал, Балауса ықшам аудандары, Ақжар-2 (600 орынды), Дамбы, Рембаза (300 орынды) ауылдарында мектептер салынып жатыр.
– Өткен жылы Нұрсаядағы балабақша тапсырылды, Еркінқала және Водников ауылдарында салынып жатыр.
– Жақын арада оқушылар мен жастар сарайы пайдалануға беріледі.
– Құны 1,5 млрд теңге және 260,2 млн теңге болатын отбасылық үлгідегі балалар ауылы мен жасөспірімдер үйінің құрылысы басталады.
– Өткен жылы кардиологиялық орталықты жөндеу жұмыстары жүргізілді, енді биыл оған 50 орынды жалғама құрылысты тапсыру көзделіп отыр.
– Қара Депо, Көкарна және Ақсай селосында 25 орынды отбасылық-дәрігерлік амбулатория құрылысы басталады.
– Ақжар және Еркінқаладағы 200 орындық мәдениет үйлері тапсырылады.
Досмұхамбетов биыл Жайық өзенінің жағалауын абаттандыру аяқталады деп сендірді. Сондай-ақ, тутұғыр және жастар саябағының құрылысы да биыл бітпек.
Орталық көпірдің жағдайы туралы:
– Көпір сонау 1965 жылдары пайдалануға берілген. Күрделі жөндеу 1999 жылы жүргізілді. Өздеріңіз білесіздер, көпірді тексеру барысында 70 миллиметрден аса ығысу пайда болғаны анықталып, 10 қаңтарда жабылды. Мамандар көпірді қайтадан жөндеу қажет деген қорытындыға келді. Осыған байланысты қала әкіміне көпірдің жөндеу жұмыстары бойынша шаралар қабылдауды тапсырамын.
Дайындаған Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА
Суреттерді түсірген Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ