Атырау, 23 қараша 10:42
 ашықВ Атырау +5
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Судья Сайлауоваға және басқаларға қатысты шыққан үкімді түсіндірді

2 880 просмотра


Егер іс елеулі қоғамдық резонанс туғызған жағдайда үкім шығарған судья оны жұртшылыққа түсіндіруге құқылы. Жақында ғана облыс әкімінің бұрынғы орынбасары Нұрсәуле САЙЛАУОВАҒА, білім басқармасының басшысы Қайырғали КЕНЖЕҒАЛИЕВКЕ, оның орынбасары Роза ҚАБДОЛОВАҒА және білім беру саласының басқа да қызметкерлеріне қатысты қылмыстық процесті аяқтаған судья Жұмағали ТӘШІМОВ сол құқығын пайдаланды.

Тәшімовтың айтуынша, бұрынғы шенеуніктердің іс-әрекеті нәтижесінде мемлекетке 110 млн теңге көлемінде шығын келген, оның 58 млн теңгесін кері қайтарылды. Сонымен қатар, мемлекет кірісіне құны 11 млн теңге тұратын Тойота Прадо автокөлігі, 2,5 млн теңгеге есептелген Хундай автобусы және 14 млн теңге осы іс бойынша сотталған адамдардың жеке банк шоттарынан қайтарылды.

Енді Қабекенов, Қабдолова, Жамелова, Иманғазиева, Забенов және Мәжитовадан 51 млн теңге өндіріп алу қажет.

Үкім шығарар кезде көптеген жағдайлар ескерілді, деп атап өтті судья Тәшімов. Мысалы, Сайлауованың кәмелетке толмаған баласы бар және ол отбасының жалғыз асыраушысы, өзі кардиологиялық орталықта есепте тұр және күтімінде ауру анасы бар. Кенжеғалиев жұбайымен бірге туғаннан балалардың церебралды сал ауруымен ауыратын ұлын тәрбиелеп отыр. Қабдолова зейнеткерлік жасқа жетіп қалды. Сонымен қатар Сайлауовадан басқаларына кінәсін мойындап, өкінгені, бұрын сотталмағаны ескерілді. Үкімнің «жұмсақ» болуына жәбірленуші тараптың кешірім беруі және келтірілген материалдық зиянның өтелгені себеп болды.  

- Жазалаудың мақсаты – сотталушыларды темір торға қамау ғана емес, сондай-ақ адамның түзелуі, әлеуметтік әділеттілік орнату және зиянның өтелуі, - деп атап өтті Жұмағали Тәшімов. - Кінәні мойындау немесе мойындамау - әр адамның конституциялық құқығы. Кінәні мойындау жазаны жеңілдету үшін негіз болуы мүмкін, мойындамау - оны қатаңдатуға негіз болмайды.

Қамауға алу мерзімін есептеу тәртібіне келетін болсақ, жақында енгізілген ҚР ҚК және ҚР ҚПК-дегі өзгерістерге сәйкес тергеу изоляторларындағы бір күн орташа қауіпсіздік мекемесінде (жалпы режимдегі колония) жазаны өтеудің күн жарым уақыты ретінде және қауіпсіздігі төмен мекемедегі (қоныс колониясы) екі күн ретінде есептеледі. Осылайша, Сайлауова мен Кенжеғалиевке тергеу изоляторында өткізілген бір күн 2 күн есебінде, ал қалғандарына – күн жарыммен есептеледі.    

Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА 

Суретті түсірген автор

11 ақпан 2020, 11:12

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.