Атырау, 23 қараша 10:48
 ашықВ Атырау +5
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Жаңа әкім бұрынғының жұмысына есеп берді

Сурет Бейнежазба
3 933 просмотра


Құрманғазы атындағы мәдениет үйінде 2019 жылы атқарылған жұмыстар туралы Атырау қаласының әкімі Қайрат ОРАЗБАЕВ қала тұрғындары алдында есеп берді. Жиынға Атырау облысының әкімі Махамбет ДОСМҰХАМБЕТОВ те қатысты.

Естеріңізге сала кетсек, Оразбаевтың қаланы басқаруға келгеніне жиырма күн болды. Бұл жерде ол өзінен бұрынғы әкімнің жұмысынан есеп берді.  

Әкімнің айтуынша, 2019 жылы қалада 113 жұмыс орнын ашқан құны 3,5 млрд теңгеге 4 бизнес-жоба жүзеге асырылды. Жеке тұрғын үй салу үшін жер учаскелерін алу кезегінде 88 мың адам тұр. Өткен жылы 296 жер телімі бөлінді, биыл 1000 жер телімі беріледі деп жоспарлануда.

Атырауда жалпы ұзындығы 47,8 шақырым 48 көшеге асфальт төселді. 13 500 шаршы метр жолға ағымдағы жөндеу жүргізілді.

«Нұрлы жер» бағдарламасы аясында өткен жылы Береке және Нұрсая ықшамаудандарында 29 тұрғын үйдің құрылысы аяқталды. Тұрғын үй құрылысына бюджеттен 25 млрд теңге жұмсалды, 130 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді.


Оразбаев қалада биыл шешілуі тиіс өзекті мәселелерге тоқталды:

- Атырауда екі мектеп апатты жағдайда тұр. Қазір жыл аяғына дейін тапсырылатын Ғ.Мұратбаев атындағы 300 орындық мектептің құрылысы жүріп жатыр.  

- 160 орындық №1 мектептің жобалық құжаттамасы жасалды, жоспар бойынша жыл соңына дейін құрылыс басталады.

- 120 орындық 4 мектепке жапсаржай салынады.

- Кроссфитке арналған 6 зал, сондай-ақ Томарлыда дене шынықтыру-сауықтыру кешені, Геолог және Атырау ауылында спорт залдары салынады.

- Ауыз сумен қамтамасыз ету үшін екі сорғы станциясы жөнделеді. Сарыөзекте өткен жылы басталған су құбыры желісінің құрылысын аяқтау керек.  

- Мемлекеттік бағдарлама аясында 24 тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр.

- Атырау-Индер трассасының 10 шақырымын қайта жаңарту басталды.

– Қала жолдарының 21,5 шақырымы қайта жаңартылып, қала маңындағы елді мекендерде 54,5 шақырым жол салынады.

Әкім сөзін аяқтағаннан кейін залдан сұрақтар қоя бастады.


Зейнеткер Қали ӘУБЕКЕРОВ екі әкімді биліктегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет етуге шақырды және электр энергиясының жоғары тарифтері, Жайық өзені мен Каспий теңізінің мәселелері жөнінде бірнеше сұрақ қойды. Оның сұрақтарына облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов жауап берді:

- Электр энергиясының тарифін Табиғи монополияларды реттеу комитеті реттейді. Ал Каспий теңізінің проблемасы бәрімізді де толғандырады, қолымыздан келгенін жасаймыз. Бүгінде су мәселесі бүкіл әлем бойынша өзекті мәселеге айналды, бұл көбіне климаттың өзгеруіне байланысты. Сондай-ақ екі мемлекет деңгейінде (Ресей мен Қазақстан - автор) зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Жайық және Қиғаш өзендерінің түбін тереңдету жұмыстары жалғасуда, оған қомақты қаражат бөлінді. Нәтиже бар – балық жоғары қарай бағыт алды. Сумен қамтамасыз ету мәселесі жақында ғана мен барып келген барлық аудандар және қаланың проблемасы болып отыр. Бұл мәселені  мамандар қарастырады.  

Әрі қарай Қали Əубекеров «АЖ» сайтында жақында шыққан Атырау облысының барлық әкімдерінің рейтингі туралы сауалнамаға түсініктеме беруді өтінді. Оған Досмұхамбетов былай деп жауап берді:

- Иә, әр әкім өз деңгейінде қызмет етті. Қайрат Құлымұлы да (Оразбаев - автор), мен де басқа жұмысқа кеткен кезде, сіз де біздің жұмысымызды бағалай аласыз. Сіз неге бұрынғы әкімнің орнына жаңа әкім есеп беріп отыр дейсіз. Бұл атқарылған жұмыстар, барлық әкімдіктің еңбегі және солар үшін есеп берілу керек. Біз де жемқорлық туралы естиміз, жаңалықтарды оқимыз. Сыбайлас жемқорлық фактілеріне жол бермеуге жұмыстанамыз, бұл басты қағида. Мен осыны талап етемін! Біз қала әкімімен бірге осы зұлымдықпен күресіп, халықтың игілігіне қызмет етеміз.



Осы ретте қала әкімі де жемқорлық туралы өз пікірін білдірді.

- Ешкім өз таныстарына тендер бермейді. Тіпті жоғарыдан айтылса да, ешкім осындай бұйрықты орындауға құқылы емес, - деді Қайрат Оразбаев.

Залдан бюджет қаражатын жұмсау тақырыбын журналист Төлеген БЕРІШБАЕВ жалғастырды:

Бізде ақша желге ұшып жатыр. Бірнеше жыл бұрын 22 млн теңгеге қазір істен шыққан гүл сағаты орнатылды. Автобус аялдамаларының жанында 39 млн теңгеге электрондық табло қойылды. Кейін оны да жұмыс жасамағасын алып тастады. Осыларға кеткен ақшаны жаяу жүргіншілер үшін тротуар салуға бағыттаған жөн еді.

Қайрат Оразбаев: Біз қаржы мақсатты түрде бөліну үшін жұмыстанып жатырмыз. Сондай-ақ, қаланы абаттандыру бойынша 30-ға жуық жоба қарастырылуда.

Махамбет Досмұхамбетов: Құрылысы аяқталмаған ғимараттар өте көп, біз соларды жалғастырамыз. Егер біз басталған істі аяқтамасақ, ешкімге пайда болмайды. Қаржы бөлінген жұмыстарды аяғына дейін жеткіземіз. Ал ақша игеріледі.

«АЖ» оқырмандарының әлеуметтік желіде қойған сұрақтарына қала әкімі жазбаша түрде жауап беруге уәде берді.


Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА 

Сурет пен бейнежазбаны түсірген Нұрбейбит НҰҒЫМАНОВ

8 ақпан 2020, 15:28

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.