Атырауда жыл басынан бері 18 жүргізуші 7 жылға жүргізуші куәлігінен айырылды, оның ішінде 17 адам мас күйде көлік жүргізгені үшін 15 тәулікке қамалды. Мас күйде көлік жүргізгені үшін жазаланғандар арасында полиция қызметкері, жүкті әйел және жас қыз бар.
- Қазақстанда 2020 жылғы 11 қаңтардан бастап ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне енгізілген өзгерістер заңды күшіне енді, - деді Атырау қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының төрағасы Жасұлан ЖАҚСЫЛЫҚ. - Енді мас күйде көлік жүргізгені үшін жүргізушілерді 7 жылға көлік жүргізу құқығынан айырып, 15 тәулікке әкімшілік қамау жазасы беріледі. Бұған дейін ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 608-бабының 1-тармағында жүргізуші куәлігінен үш жылға айыру жазасы қарастырылған болатын.
Жазаланған жүргізушілер арасында мас күйде көлік жүргізген екі әйел бар. Сот олардың біреуін жүктілігіне байланысты қамауға алмады, бірақ ол 7 жылға жүргізуші куәлігінен айырылды. Тағы бір жағдайда 2 ақпанда мас күйде көлік басқарған Kia Rio жүргізушісі - 21 жастағы қыз 15 тәулікке қамалды.
Бұдан басқа, «АЖ» мас күйде көлік жүргізгені үшін 15 тәулікке қамауға алынып, 7 жылға жүргізуші куәлігінен айырылған полиция аға лейтенантына қатысты сот отырысы туралы хабарлаған болатын. Сот отырысында полицей өз әріптестері жалған айып тақты деп мәлімдеді, ал Полиция департаментінің басшылығы осы жанжалды істі жарияламау үшін «АЖ» тілшісіне кедергі келтіруге тырысқан еді.
Фархат ӘБІЛОВ