Семейде мемлекетке 1 172 000 теңге көлемінде зиян келтірген жалған оралман сотталып жатыр. Бұл туралы Семей қаласы №2 сотының баспасөз қызметі хабарлады.
Х. есімді азамат еліміздің көші-қон заңнамасын ұзақ зерттей келе мынадай қызық мағлұматтарға тап болады: оралмандарға қомақты қаражат төленеді екен. Атап айтқанда, мемлекет тарихи отанына көшіп келгендерге тұрақты мекен-жайына дейінгі жол ақысымен қоса, өздерінің мүлкін де тасып-көшіруге арналған шығындарын көтереді. Мұны білген Х. өзін және бүкіл отбасын қайткен күнде оралман етіп шығаруға бел байлайды.
Ықтимал пайда мөлшерін есептеген ол өз жоспарымен әлдебір О. атты азаматпен және тергеумен анықталмаған тағы бірнеше адамдармен бөліседі. Қылмыстық топ Х.-ға қайдан екені беймәлім моңғол тілінде неке қию туралы және бес баланың тууы туралы куәліктерді алуға көмектеседі. Құжаттарды қазақ тіліне аударып, нотариусқа куәландырып, облыстық көші-қон департаментіне ұсынады. Бұл мекеме мамандары Х-ға оралман мәртебесін беріп, онымен қоса жәрдемақы да төлеген.
Нәтижесінде Х. және О., сондай-ақ әзірге ұсталынбаған олардың сыбайластары мемлекетке 1 172 000 теңге көлемінде зиян келтірген.
Дереккөз: KazBIN