Атырау облысы жемқорлыққа қарсы күрес департаменті облыстық құрылыс басқармасы жанындағы «Бизнес-Көмек» әлеуметтік жобаларды қолдау мемлекеттік қорының соңғы екі жылдағы қызметіне тексеру жүргізді.
Қор қызметкерлерінің келісімдеріне сәйкес, 590 млн теңге көлеміндегі демеушілік қаржы Арыс қаласындағы жарылыстан кейін үй құрылысына және жергілікті облыстық М.Өтемісов атындағы қазақ драма театрын өрттен кейін қайта қалпына келтіруге жұмсалды. Бірақ мұны растайтын құжаттар жоқ.
- Қор 2007 жылы құрылыс басқармасы жанынан құрылды. Оның жарғыда көрсетілген қызметінің негізгі бағыттары аз қамтылған отбасыларына, мүгедектерге, спортшыларға материалдық көмек көрсету және балалар, спорттық, мәдени және діни ұйымдарға қолдау көрсету. Мұның бәрі заңды және жеке тұлғалардың ерікті көмектерінің есебінен жүргізіледі. Соңғы екі жылда 607 млн теңге жиналды. Директордың айтуынша, оның 590 млн теңгесі Арыс қаласындағы жаңа үйлер құрылысына және өткен жылдың жазында облыстық драма театрының жөндеу жұмысына бөлінген, алайда мұны растайтын құжаттарды қор басшылығы ұсына алмады, - деп хабарлады ӨКҚ брифингінде жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің басқарма басшысы Жәнібек ҚАРАЖАНОВ.
Оның сөзіне қарағанда, қорға бюджеттік қаржы жиналмағандықтан жемқорлыққа қарсы күрес департаменті оның жұмсалуының заңдылығына тергеу жүргізе алмайды, тек қор құрылтайшылары ғана ішкі аудит жүргізе отырып тексере алады.
Зульфия ИСКАЛИЕВА
Суретті түсірген автор