Ыстамбұлда апатқа ұшырау алдында қонған ұшақтың видеосы пайда болды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі РИА Новостиге сілтеме жасап. Видеоны түріктің DHA ақпарат агенттігі жариялады.
Pegasus әуекомпаниясының ұшағы Сабихи Гекчен атындағы ыстамбұлдық әуежайға апат жағдайында қонған.
Видебақылау камерасына түсірілген видеодан лайнердің ұшу-қону жолағымен асқан жылдамдықпен қозғалып келе жатқанын, кейін шетке шығып кетіп, жардан құлағанын көруге болады.
Измир - Ыстамбұл рейсін орындаған ұшақ үшке бөлініп қалған. Соңғы мәліметтер бойынша, 3 адам қаза тауып, 179-ы жарақат алған.
Ыстамбұл губернаторы Али Ерикайяның айтуынша, бортта 183 адам болған: 177 жолаушы, оның ішінде екі бала, экипаждың алты мүшесі. Алдын ала мәлімет бойынша, апат себебі қолайсыз ауа райы.
Дереккөз: Tengrinews.kz