АСТАНА, 15 қар – Қазақстан жаңалықтары АА. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Си Цзиньпинге оның Қытай Коммунистік партиясы Орталық комитетінің Бас хатшысы қызметіне сайлануына байланысты құттықтау жеделхатын жолдады, деп хабарлайды мемлекет басшысының баспасөз қызметі.
Нұрсұлтан Назарбаев Си Цзиньпинді Қытай Коммунистік партиясы Орталық комитетінің Бас хатшысы қызметіне сайлануымен құттықтады.
Қазақстан Президенті партия жаңа Бас хатшының басшылығымен Қытайды әлеуметтік-экономикалық дамудың жаңа белесіне шығаратынына және елдің халықаралық аренадағы биік беделін нығайтатынына сенім білдірді.
Мемлекет басшысы Қазақстан мен Қытай арасындағы стратегиялық серіктестіктің маңызын атап өтті және мемлекетаралық байланыстар алдағы уақытта да дәйекті түрде нығая беретініне сенім артты.
- Қытай – Қазақстанның достас көршісі және маңызды стратегиялық серіктесі. Біздің елдеріміздің арасындағы өзара тиімді ынтымақтастық одан әрі қарай да халықтарымыздың игілігін қамтамасыз ету үшін қарқынды дами беретініне сенемін, - деп атап өтілген жеделхатта.
Нұрсұлтан Назарбаев Қытай Коммунистік Партиясы Орталық комитетінің Бас хатшысын Қазақстанға мемлекеттік сапармен келуге шақырды.
Дереккөз: newskaz.kz