Атырау, 28 наурыз 19:37
 ашықВ Атырау 0
$ 449.58
€ 486.94
₽ 4.86

"АЖ" тілшісі сот отырысын өткізу орнын қалай өзгертті

Бейнежазба
3 686 просмотра


3 ақпанда Атырау қаласының мамандандырылған әкімшілік сотында мас күйінде автокөлік жүргізді деп айыпталған Полиция департаментінің қызметкеріне қатысты іс қаралды. Бірақ бұл отырыстың жоспарланған жерде өткізілмеуіне «АЖ» тілшісі қатысқан қалалық полиция басқармасының (ҚПБ) ішіндегі шытырман оқиға себеп болды. Жергілікті соттың тарихында мұндай жағдай бұрын-соңды болмаған шығар. Барлығын басынан бастайық.

ПОЛИЦИЯ ДӘЛІЗДЕРІНДЕГІ ІЗГЕ ТҮСУ 

Барлығы полиция басшылығы судьядан көшпелі сот отырысын ҚПБ-ның акт залында өткізуді өтінгенінен басталды. Алдағы уақытта осындай жағдай қайталанбас үшін бөлімшенің басқа қызметкерлері де қатыссын деген ниетпен өтінген. Судья келісім берді. Оқырманның алдында өзінің тілшілік міндетін адал атқарып жүрген мен де сол жерге бардым. Бірақ сағат 14.30-ға белгіленген көшпелі отырыстың басталуына санаулы минут қалғанда өздерін таныстырмауды жөн көрген полиция қызметкерлері жоғары басшыларының нұсқауы деп менің ғимараттан шығуымды талап етті. Мен мұны орындаудан бас тарттым, себебі сот отырысы ашық болды, көшпелі ме, жоқ па, маңызды емес. Сондықтан бұл адамдардың маған осындай талап қоюға ешқандай құқығы жоқ-тын. Дегенмен, олар айтқанынан қайтпады. Не болып жатқанын түсіну үшін мен ҚПБ бастығының орынбасары Ерлан БИҒАМБАЕВТЫҢ кабинетіне қарай бет алдым. Бұл жерде де алдымнан тағы бір полиция қызметкері жолды бөгеп, Биғамбаевтың бос еместігін айтты. О ның кабинетінде болған адам көзімше шығып кетті. Бигамбаевқа телефон соғайын деген әрекетіме полиция қызметкерлері бұл ғимараттың ішіндегі қатаң тәртіпке байланысты тыйым салынатынын айтып, дауыс көтере бастады. «Фархат, сен қайдан жүрсің, кетші, іс-шарамызды тынышымен өткізейік». – «Жоқ, мен кетпеймін, мен БАҚ өкілімін, ашық сотқа қатысуға заңды құқығым бар». Біздің «шығарып салушылармен» арамыздағы "әңгімеміздің" қысқаша сарыны осындай болды.

Осы жерде маған облыстық соттан қоңырау шалып, полиция басшылығы райынан қайтқанын, отырыс әкімшілік соттың ғимаратында өтетінін хабарлады. Отырыс басталар алдында төрағалық етуші судья Жасұлан ЖАҚСЫЛЫҚ қалалық полиция басқармасының ғимаратында екі сағатқа созылған жағымсыз оқиға үшін БАҚ өкілдерінен кешірім сұрады.

Ал енді процестің өзі туралы айтайық.

Нұрбек ІЗІМ

«ӘРІПТЕСТЕРІМ САТЫП КЕТТІ»

27 жастағы учаскелік полиция инспекторы Нұрбек ІЗІМ 31 қаңтарда сағат 8:30 шамасында мас күйінде көлік жүргізгені үшін айыпталуда. Айтпақшы, ол мұнда журналистердің қатысуына қарсы болды, бірақ судья сот ашықтығын алға тартып, бұл өтінішті қабылдамады.

- Сол күні жұбайым үлкен ұлымызды дәрігерге қаратуға сағат 9:00-ге жазылып қояды. Көлікті сол жүргізді. Ол мені жұмысқа жеткізіп, өздері әрі қарай емханаға бару керек еді, - деп сөзін бастады Н.Ізім сотта.  -  Бірақ орталық көпірдің үстінде көлік бұзылып, тоқтап қалды. Содан кейін әйелім такси ұстап, емханаға кетті. Әріптестерім келіп, мені көлікті мас күйінде жүргізді деп әкімшілік хаттама толтыра бастағанда, мен көлікте отырдым. Сол кезде басқарманың өзіндік қауіпсіздік қызметкері Жалғас ЖАЛМАҒАМБЕТОВ егер мойындасаң, қызметтен босатпай, жеңіл жаза қолданылады деп сендірді. Менің отбасым, мойнымда несием болғандықтан жұмыстан босағым келмей, оның айтқанын істедім. Негізі мен кінәлі емеспін. Көлікті мас күйінде жүргізгенім жоқ.  

- Көлікті жүргізген сіз емес, әйеліңіз екенін дәлелдей аласыз ба?  - деп судья Жақсылық сұрақ қоя бастады.

- Білмеймін, мүмкін Жедел басқару орталығының камераларына жазылып қалған бейнежазба болар.

- Нарколог-дәрігерлер сізден масаңдықтың орташа деңгейін анықтады. Мұнымен келісесіз бе?

- Жоқ, мен қатты мас болған жоқпын.

- Неге сіз ӨҚБ қызметкерлерінің іс-әрекетін бейнекамераға түсірмедіңіз? Олар сізге кінәні мойындағаныңыз үшін жеңілдік жасаймыз дегенін қалай дәлелдейсіз?

- Жоқ, мен абыржып қалдым және бұл ыңғайсыз болар еді, олар менің күнде кездесіп жүрген әріптестерім ғой. Осылай болатынын білмедім.

- Сіз мас болғаныңызды жоққа шығармайсыз. Сонда сол күйде жұмысқа қалай бара жатырсыз?

- Мен қатты мас болған жоқпын...


Судья ӨҚБ қызметкері Жалғас Жалмағамбетовты куәгер ретінде шақырған, бірақ ол іссапарда екен. Ал екінші куәгер ЮСУПОВ - 31 қаңтарда әкімшілік хаттама толтырған Атырау ҚПБ қызметкері – Ізім өтірік айтқанын, сол күні көлік тізгінінде өзі отырғанын мәлімдеді.

Ізімнің жұбайы да өз жауабында күйеуі жолаушының орнында отырғанын айтты. Алайда судья оның айтқандарына сын көзбен қарады, өйткені ол істің жолдасының пайдасына шешілуіне мүдделі еді.

Әсемгүл ИЩАНОВА

Прокурор Әсемгүл ИЩАНОВА соттан Н.Ізімді 7 жыл мерзімге жүргізуші құқығынан айырып, 15 тәулікке қамауға алуды сұрады. Соттың ақырғы шешімі де осындай болды.

МӘРТЕБЕНІ КӨТЕРУ 

Осыдан бір сағат өткеннен кейін Атырау облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі мынадай хабарлама таратты: «Учаскелік инспектор Н.Ізім енді полицияда жұмыс істемейды, ол ішкі істер органдарының қызметінен босатылды. Полиция жұмысын бағалаудың негізгі көрсеткіштері қоғам тарапынан сенімнің артуына ықпал ететін қызметкердің нақты тәртібі болуы тиіс. Заңды бұзуға жол бермеу мақсатында жеке құрам арасында тәртіп бұзушылықтың алдын алу шаралары тұрақты түрде жүргізіледі».

Хамза ҮМБЕТҚАЛИЕВ бастаған Атырау облысы полиция департаменті журналисті ашық сот отырысынан шығарып жіберу арқылы полицияның мәртебесін көтере алды ма?  Жоқ.    


Фархат ӘБІЛОВ 

Суретті және бейнежазбаны түсірген автор

5 ақпан 2020, 12:58

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.