Атырау облысының балық аулау кәсіпорындары өз өнімдерін шетелге экспорттау үшін тауарларының шығу тегі жөнінде СТ-1 сертификаты қажет деген талапты жоюды сұрайды. Балық аулау саласының өкілдері Өңірлік кәсіпкерлер палатасында өткен кездесуде кезекті балық аулау маусымындағы өзекті мәселені талқылады.
Бүгінде өңірде ауланған балықтың 85%-ы экспортталады. Мәселен, 2019 жылы 11 мың тоннадан астам балық экспортқа шығарылды. Негізгі бөлігі ЕАЭО елдеріне жөнелтіледі. Бұл тұрғыда балық аулау кооперативтері СТ-1 нысаны бойынша өнімді әр жөнелткені үшін 4 АЕК төлеуі керек, ең бастысы - бұл құжатты дайындау көп уақыт алады, ал балық тез бұзылатын өнім. Сертификаттар болмаса, қатаң жазаланады. Салық органдары бұған дейін 2 кәсіпорынға 5 миллион теңгеден астам айыппұл салған.
- 2013 жылдан бері біз Қазақстанда және ТМД елдерінде кәсіпшілікпен балық аулау және балық өнімдерін сатумен айналысамыз. Ережеге сәйкес біз Кеден одағына кірмейтін елдерге және ЕАЭО елдеріне экспортталатын өнімдерге сертификат алуымыз керек. Тауарды экспорттау кезінде осы сертификатқа қосымша құжаттардың толық тізімін ұсыну қажет. Олар: балықтың қайдан ауланғаны туралы анықтама, сынақ хаттамасы, ветеринарлық сертификат, электрондық шот-фактуралар, жөнелтпе құжаттар, келісімшарттар және т.б. Мұның бәрі көп уақытты қажет етеді, бұл, әрине, балық сияқты тез бұзылатын өнімдер үшін қолайсыз. Сондықтан осы мәселені шешулеріңізді сұраймыз, - деп атап өтті «Долгий-1» ЖШС өкілдері.
Бір шаруа қожалығы тиісті құжаттарды толығымен ресімдеу үшін 11 күнтізбелік күн жұмсайды, оның ішінде ветеринариялық анықтамаларға 8 күндей уақыты кетеді.
Атырау облысы бойынша ӨКП директорының орынбасары Серік СӘРСЕКЕНОВ өздерінің орталық аппаратына ЕАЭО елдеріне арналған СТ-1 сертификатын алып тастау туралы ЕАЭО уәкілетті органдарына және Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетіне өтінішпен шығу жөнінде хат жолдағандарын айтты. Оның үстіне, балық және ауылшаруашылық өнімдерін жөнелту бойынша барлық келісімдер ашық - салық органдары арқылы олар электрондық шот-фактуралармен жіберіледі, сонымен қатар оларға ветеринариялық немесе фитосанитарлық сертификат пен СT-KZ тауарларының шығу сертификаты ресімделеді.
Зульфия ИСКАЛИЕВА