Атырау, 6 желтоқсан 15:00
 бұлттыВ Атырау 0
$ 504.49
€ 587.73
₽ 6.57

«Субсидия жоқ, қалтамыздан төлейміз»

3 365 рет қаралды


Бақсай каналының бойында отырған Исатай (15) мен Махамбет (2)  аудандарының 17 шаруа қожалығы көптеген жылдар бойы көлтөбандарға су шығарып, мал өрісін құнарландырып, әрі қажетті мал азығын өздері дайындап алуға тырысатын. Бұған дейін суды тұтыну төлемінің 25 пайызын шаруалар өз қалтасынан, ал 75 пайызын үкімет субсидия арқылы өтейтін. Бірақ өткен жылы үкімет субсидияға ақша бөлмей, қалған соманы шаруалар толық төлеуге мәжбүр болып отыр.

Махамбет ауданындағы «Жарас» ШҚ басшысы Бағытжан ЖАРАСОВТЫҢ айтуынша, 2 мың гектарға Бақсай каналынан су шығарып, мал азығын сол жерден дайындап жүр екен. Ол өзіне тиесілі 25 пайызды (1 млн астам теңге) төлеген, енді «КазСушар» РМК субсидиямен өтеледі деген 75 пайызды (3 млн теңге) сот арқылы өндіріп алмақшы.

- Мен үлкен сома қаржыны төлей алмайтыным жөнінде сотқа қарсы арыз жаздым,- дейді Жарасов. - Жыл сайын ақпан айының ішінде «КазСушар» РМК Атырау филиалымен келісімшартқа отыратынбыз. Онда мемлекеттік субсидия берілетіні айтылған...  Ал енді биыл не болады, облыс әкімдігіне бірнеше рет айттық, бірақ мәселе шешілер емес.

 «Мүтиев» ШҚ басшысы Биғали МҮТИЕВ жақында өткен Исатай ауданы әкімінің есеп беру жиынында мұны мәселе етіп көтерді:

- Онсыз да бізде шабындық жер жоққа жақын, пішенді көбі сырттан сатып алып жүр. Бұл үлкен шығын. Біз канал бойында отырғасын көлтабандардан шөпті өзіміз дайындап алып жүр едік. «ҚазСушармен» жасаған келісімшартта көрсетілсе де, мемлекет субсидия бермей қойды. Субсидия беру жөнінде облыс әкімінің атына шілде айында хат та жазғанбыз, бірақ нақты жауап болмады. Енді сушарлықтар бізді сотқа беріп жатыр. Сонда бұл қалай болғаны, шаруаларға кім көмектеседі?

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Қайрат НҰРЛЫБАЕВ:

- 2019 жылға дейін канал бойындағы шаруалар мемлекеттен субсидия алып келді. Бірақ, өкінішке орай, жағдай күрт өзгерді, мемлекет тарапынан берілетін субсидия берілмей қалды. Біз бұл мәселені жақсы білеміз. Өткен жылы субсидия беру жайын депутаттар мен ауыл шаруашылығы министрлігіне дейін ұсыныс еткенбіз. Енді осы биылдан бастап өзгеріс енгізуге жұмыстанамыз деген еді, соны үміттене күтіп отырмыз.   

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

5 ақпан 2020, 10:49

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.