Құлсары қаласындағы көпқабатты үйлердің басым бөлігі апатты жағдайда. «АЖ» тілшісі қаланың ішін аралап, бұған көз жеткізіп келді.
Құлсары 60 мың тұрғыны бар қала, сәйкесінше 227 көпқабатты үй бар. Алайда олардың жәй-күйі мүлдем нашар. Мысалы, «Вокзал» ықшамауданындағы екі-үш қабатты үйлердің іші-сырты әбден тозған. Тіпті қала орталығы - Махамбет даңғылында да мұндай үйлер көп. Үйлердің көше беткейіндегі қасбеті сырланып, ал алдыңғы жағы сол азған күйде қалған. Кіреберістерде есік жоқ, еңкейіп кіріп, еңкейіп шығасың. Тоқ жүйелері де аңғал-саңғал күйде, үйлердің сырттарының сылақтары түскен.
- Осы пәтерде тұрғанымызға жиырма жыл болды, орталықта тұрсақ та, үйлерімізге ешкім көңіл бөлген емес. Су бар, бірақ кәріз жүйесі болмағандықтан әжетхана далада. Сол әжетхана қазатын жер де қалмай бара жатыр,- дейді Лиза ПҰСЫРМАНОВА. - Бұдан бірнеше жыл бұрын осы үйлер сүріледі дегенді айтып еді әкімшілік, әзірге еш хабар жоқ. Ал алпысыншы жылдары салынған үйлер күтімсіз болғандықтан тіптен күйі кетіп тұр, ішкі қабырғалары ырсиып, сылақтары түсіп жатыр.
Ал мына бір жағдайды көріп, тіпті жылағың келеді: екінші қабаттағы мүгедек жан даладағы әжетханаға шыға алмағандықтан, сыртқа резина шланга шығарып қойған...
«Бірінші» ықшамауданындағы апатты жағдайда деп танылған алпыс пәтерлік №27 үйдің кейбір тұрғындары үрейден пәтер жалдап жан сауғалап кетсе де, әлі тұрып жатқан адамдар бар. Тұрғындардың айтуынша, қазіргі үйдің қабырғалары қақырап, үй күннен-күнге бір жағына қисайып шөгіп барады екен. Соның салдарынан пәтерлердің терезесінің шынысы өздігінен жарылса, ал есіктер қисайып жабылмайды екен. Ал кем-кетікті жамағаннан түк шықпайды, өйткені бетондар мүжіліп құлап жатыр.
- Бұл 1988 жылы салынған үй. 2012 жылы апатты деп танылып, бұзылуға жатады деді, содан бері ешқандай өзгеріс жоқ. Ал екі жыл бұрын тағы да үйдің техникалық жағдайына байланысты сараптама жасалып, онда бұл үйде тұруға болмайды деген қорытынды шығарған еді,- дейді тұрғын Жадыра АРЫСТАНҒАЛИЕВА. - Бұл жайды тек Құлсары қаласы әкімі емес, Жылыой, Атырау облысының әкімі біле тұра еш шара қолданбай отыр. Тек құр уәде беріп, екі жылдан бері мәселе шешілер емес.
Жылыой ауданы әкімінің орынбасары Қахарман БАҒЫНОВ:
- Құлсары қаласы бойынша үш үй апатты жағдайда деп танылып тұр. Махамбет даңғылы бойындағы орталықтағы үйлер бас жоспар бойынша болашақта бұзылады. Ол қашан нақты іске асады, белгісіз. Жерін әлеуметтік нысандар салу үшін пайдаланамыз. Негізі үй кезегінде 2045 адам тұр. Қазір қалада 100 пәтерлік үш үйдің құрылысы жүріп жатыр. Биыл қазан айында пайдаланылуға беріледі. Өткен жылы көп балалы 51 анаға үй берілді. Өкінішке орай, қала бойынша термомодерназияға бірде-бір үй ілікпеді. Басты себеп – ПИК жоқ.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Бейнежазбаны түсірген автор