Атырау облысында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті мемлекеттік сатып алу бойынша жүргізген мониторингі барысында 43 736 бағаны көтеру фактісін анықтады. Атап айтқанда, құрылыс басқармасында осындай 3 038 факті, білім басқармасы және оған қарасты ұйымдарда – 1 596, ішкі саясат басқармасында – 756, мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасында – 1 260, полиция департаментінде – 910. «АЖ» осы тізімдегі «көшбасшыға» назар аударды. Қысқаша шолып өтейік.
«Атырау облысы құрылыс басқармасы» ММ республика бойынша тапсырыс берушінің ТОП-100 құрамына кіреді, тіпті, алдыңғылардың қатарында: жалпы сомасы 93,5 миллиард теңгемен 15-ші орында.
Мысалы, «Атырау облысы Қызылқоға ауданы Миялы ауылындағы ІІО-ның әкімшілік ғимаратын қайта жаңартуға» қазынадан 923,5 млн теңгеге жуық қаржы жұмсалмақ. Тапсырысты орындаушы «СМК-4» ЖШС болып анықталды.
2017 жылы жарияланған «Мақат ауданының Доссор кентінде кәріз желілері мен имараттарының құрылысының» құны 5,4 млрд теңге. Тапсырысты орындаушы «Гарант Строй 2008» ЖШС.
Облыс әкімдігінің ғимаратына жалғанған «аппендикстің» орнына жаңа ғимарат салу: мемлекеттік сатып алу сайтындағы ақпаратқа сәйкес, 7,1 млрд теңгеге есептелген. 2018 жылы 480 млн, 2019 жылы - 2 млрд бөлінген болса, 2020 жылы – 4 млрд теңге бөлу жоспарланып отыр.
Түркістан қаласындағы «Ұлы дала елі» орталығының құрылысына жобалық-сметалық құжаттама әзірлеу жұмыстарының өзі 318 млн теңгеге бағаланып отыр. Ал құрылыстың өзіне Атырау облысының бюджетінен 1 млрдтан астам теңге жұмсалады.
Атырау қаласында мәйітхана тұрғызуға 800 млн теңгеге жуық қаржы қаралған. Тендер жеңімпазы – «Гамма – С» ЖШС.
Нұрсая ықшамауданында құны 5,5 млрд теңгеге Полиция департаментіне арналған жаңа ғимараттың құрылысы жүріп жатыр. 2017 жылы мердігер «TSG Construction» ЖШС-не 892 млн теңге, 2019 жылы – 500 млн теңгеге жуық ақша аударылды. Биыл да осындай мөлшерде қаражат төлеп, келесі жылы 3 млрд 669 млн теңге бөлу жоспарланған.
2016 жылдан бастап мемлекеттік сатып алудың бірыңғай порталы іске қосылғанда Атырау облысы құрылыс басқармасы 2409 келісімшарт жасады, оның 961-і бір көзден алу жолымен тікелей шарт жасасу арқылы, 370-і орындалмай қалған тапсырыс бойынша бір көзден сатып алу арқылы, ал ашық конкурсқа 1078 лот жарияланды.
Дайындаған Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА