
Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты ҚР Қылмыстық кодексінің 139-бабы (Балаларын күтіп-бағуға арналған қаражатты төлеу жөніндегі міндеттерді орындамау) бойынша айыпталған Атырау тұрғыны Д.-ға қатысты үкім шығарды.
Сотта Д.-ның заңды некеден 10 жасар қызы бар екені анықталды. Ажырасқаннан кейін ер адам оған жалақысының төрттен бір бөлігінен алимент төлей бастаған, бірақ 2018 жылдың желтоқсан айынан бастап ол жұмыссыз қалғандығын айтып, алимент төлеуін тоқтатқан. Осы уақыт ішінде 850 мың теңге берешегі жиналып қалған. Істі қарау барысында судья Д.-ны кәмелетке толмаған баланы күтіп-бағуға алимент төлеуден әдейі жалтарған деген тұжырымға келді. Өйткені оның осы уақыт бойы қаладағы мекемелердің бірінде жұмыс істеп, уақытылы жалақысын алып жүргені дәлелденді.
Сотталушы өз кінәсін толық мойындап, бір жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесілді. Енді ол мұнайлы астанадан тысқары шыға алмайды, күн сайын пробация қызметіне белгіленіп, ойын-сауық орындарына бармауы тиіс. Бұдан басқа, бұрынғы отбасына тиесілі берешегін төлеуге міндеттелді.
Фархат ӘБІЛОВ
В Атырау 0