Атырау, 6 желтоқсан 14:59
 бұлттыВ Атырау 0
$ 504.49
€ 587.73
₽ 6.57

Жаңа газ өңдейтін зауыт салу бойынша қоғамдық тыңдау "тыныш" өтті

Сурет
3 674 рет қаралды


Энергетика министрлігі баспасөз қызметінің Мақат ауданында (Атыраудан 60 шақырым) жаңа газ өңдеу зауыты құрылысының басталуы 2020 жылға жоспарланып отырғаны туралы хабарламасынан кейін көпшілікті неге қоғамдық тыңдау өткізілмеді деген сұрақ мазалады. Алайда бұл тыңдау Атырау облысы табиғат ресурстары басқармасының ұйымдастыруымен өткен жылдың 20 желтоқсанында Мақат кентінде өткізілген болып шықты. Әрі хабарландыру тек аудандық «Мақат тынысы» газетінде және ұйымдастырушының сайтында ғана жарияланған. Сондықтан көптеген қоғамдық, экологиялық белсенділер және БАҚ өкілдері хабарсыз қалып, тыңдауға қатыса алмаған, алайда бұл ұйымдастырушыларды қатты қынжылта қоймаған секілді. Енді тек хаттама мәліметтерімен ғана шектелуге тура келеді.

Тыңдау хаттамасына сәйкес, Қоршаған ортаға әсер етуді бағалау жобасының тапсырыс берушісі - астаналық «АлатауГорПроект» ЖШС, ал жобаны әзірлеуші - БҚО-да тіркелген «Технинко Инжиниринг Контракторс» ЖШС.

Газды кешенді дайындау қондырғысы (ГКДҚ) ілеспе мұнай газын қышқыл компоненттерден тазартуға және түпкілікті дайын өнім – көмірсутекті отын газын, көмірсутекті сұйытылған отын газын (ПБА және ПБТ маркалы) және тұрақты газ бензинін алу мақсатында қайта өңдеуге арналған. Ілеспе мұнай газын қайта өңдеу кешенді процесс және оның жекелеген кезеңдерінде физикалық және химиялық процестер қолданылады. ГДҚ-да тауар өнімдерін өндіру үшін өндірістік объектілерді – технологиялық блоктарды салу көзделеді, олардың әрқайсысында жеке технологиялық үдеріс іске асырылады.

Жұмыстарды жүргізу учаскесі Каспий теңізінен 20 шақырымнан астам қашықтықта орналасқан. Жобалау нысандары орналасқан ауданда Каспий теңізімен байланысы бар жер үсті су ағындары жоқ. Жақын жердегі су ағындары – Жайық және Ембі өзендері – олар ГКДҚ алаңынан 40 шақырымнан астам қашықтықта ағып жатыр.

Гидрогеологиялық режим – шөгінділерде судың аз мөлшеріне байланысты, ал ең бастысы – жоғары минералдығына қарай жерасты сулары шаруашылық-ауызсу және техникалық сумен жабдықтау үшін жарамсыз.

Топырақ жабындысы - барлық сипатталатын топырақтың агроөндірістік әлеуеті төмен, өзінің сапасы бойынша егіншілік үшін жарамсыз және аз өнімді жайылымдық жерлер ретінде ғана пайдаланылуы мүмкін.

Өсімдік жабындысы - өндіріс ауданында сирек және эндемиялық өсімдіктер табылған жоқ. Бірақ аумағында екі түсті қызғалдақ бар - Tulipa biflora Pall.

Жануарлар әлемі – ГТБГ-ның орналасу учаскесі және сортаң шөлі бар іргелес аумақтардағы фауна әлемі саны аз және әртүрлі деп көрсетілген. Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген құстардың көп бөлігі көші-қон кезеңінде және кездейсоқ ұшулар кезінде кездеседі. Жануарлардың фондық түрлерінің саны жылдар бойынша өзгереді және қаралып отырған аумақтың басым бөлігінде табиғи популяциялық процестермен анықталады.

Әлеуметтік - экономикалық орта – белгіленген іс-әрекеттер аумағы - Атырау облысының Мақат ауданы. Облыстың әлеуметтік-экономикалық құрылымы шөлді климатқа, құнарлы жер ресурстары мен тұщы су көздерінің тапшылығына байланысты қатал табиғи-климаттық жағдайларда қалыптасады. Тұщы судың жетіспеушілігі, көлік және әлеуметтік инфрақұрылымның нашар жағдайы, халықтың аурушаңдық деңгейінің өсуі облыстың негізгі проблемалары болып табылады. Аталған проблемаларға қарамастан, Атырау облысында өнеркәсіптің дамуы қарқынды жүріп жатыр, сонымен бірге жыл сайын жұмыссыздық деңгейінің азаюы, халық табысының өсуі, өнеркәсіпте жұмыс істейтін және тұрақты тұруға келетін адамдардың табиғи өсімі есебінен халық санының тұрақты өсуі байқалады. Облыс экономикасының дамуы табиғи-климаттық жағдайларға және Атырау облысы мен Каспий теңізінің жер қойнауында пайдалы қазбалардың болуына тікелей байланысты. Атырау облысы аумағындағы ауыр климаттық жағдайлар ауыл шаруашылығының дамуына кедергі келтіреді, сол себепті одан аз пайда келеді.  Ал Атырау облысы ең ірі мұнай кен орындарының арқасында  Қазақстандағы негізгі өнеркәсіптік аймақтарының біріне айналды. Мұнай өндіру, қайта өңдеу және экспорттау көлемінің жыл сайынғы ұлғаюы тек мұнай бағытын ғана емес, құрылыс, көлік қатынасы, энергиямен жабдықтау сияқты салаларды дамытты. 

САНИТАРЛЫҚ АЙМАҚ ҚОРҒАЙ АЛА МА?

Мұнайды, ілеспе мұнай және табиғи газды өндіру және қайта өңдеу кезінде, сонымен қатар құрамында 1%-дан жоғары күкірт қосындысы бар көмірсутек шикізатын өңдеу кезінде кемінде 1000 м СҚА (санитарлық-қорғау аймағы) пайдаланылады.

Ластаушы заттар концентрациясының төмендеуі барысында шоғырлану есебі 1 шекті рұқсат етілген концентрация (ШРК)  бойынша 1080 метр қашықтыққа таралуы мүмкін. Осылайша ГКДҚ бойынша СҚА кем дегенде 1200 метрге қолданылады. Санитарлық қорғау аймағының есептеу шегі бойынша ГКДҚ елді мекендер, сондай-ақ, қорықтар аймағы, шипажайлар жоқ. Ауада ластаушы заттардың сейілуіне жүргізілген есеп штаттық режимдегі жобаланған нысандардан және жоспарлы-ескертілген жөндеу кезеңдеріндегі ластаушы заттардың шығарылымдары санитарлық қорғау аймағында елді мекендер үшін белгіленген 1 ШРК -дан аспайтынын көрсетті.  


СҰРАҚТАР МЕН ЖАУАПТАР

Хаттамада одан әрі сұрақтар мен жауаптар келтіріледі:

 – Қондырғы пайдалануға қашан беріледі?

 – Жоспарланған мерзім – 2021 жылдың қараша-желтоқсан айлары.

 - Газды кешенді дайындау қондырғысын кім пайдалануға береді?

 – «GPC Investment» ЖШС.

 - Бұл компания ҚР-дің инвестор-резиденті болып табыла ма және жоба қандай инвестиция есебінен жүзеге асырылады?

 – ЖШС ҚР-дің 100% резиденті, жобаны жүзеге асыру инвестордың жеке қаржысы есебінен орындалады.

 – Газды кешенді дайындау қондырғысы (ГКДҚ) үшін негізгі шикізат не болады?

– «Болашақ» мұнай және газды кешенді дайындау қондырғысынан берілетін күкіртсутекті ілеспе мұнай газы. Зауытта бастапқы газды күкіртсутегі мен меркаптаннан тазартып, тауарлық газ, сығылған газ, газ конденсаты мен түйіршікті күкірт алуға септігін тигізетін технологиялық операциялардың толық кезеңі қарастырылады.

 – Тауарлық газ бен күкірт қайда жіберіледі?

 – Тауарлық газ «ҚазТрансГаз» АҚ-ға одан әрі экспорттауға және ҚР ішкі нарығының қажеттілігін қамтамасыз етуге жібереледі, ал түйіршікті күкірт экспортқа шығарылады.

 – Қондырғыда факелдің қандай түрі қолданылады?

 – Биіктігі 40 метр және диаметрі 1,4 метр жабық түрдегі факел қолданылады.

 – "GPC Investment" ЖШС қайда тіркелген?

 – Атырау қаласында.

 – Зауыт құрылысына жергілікті тұрғындар тартыла ма?

 – Зауыттың құрылысы мен пайдалануға берілу кезеңінде Мақат ауданының тұрғындары тиісті білімдері мен біліктіліктеріне қарай жұмысқа тартылатын болады.

 – Пайдалануға берілу кезінде ГКДҚ сумен жабдықтау қайдан жүзеге асырылады?  

 – Маңғышлақ – Астрахань магистральдық суағызғы арқылы жүзеге асырылады.  

 Дайындаған Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА

4 ақпан 2020, 14:52

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.