Жоғарғы Раданың бұрынғы депутаты Надежда Савченко Украина президенті Владимир Зеленскийді уәдесін орындамады деп айыптады. Ол бұл туралы ZIK телеарнасында мәлімдеді.
Савченко украин лидерін «тура жолын таба алмай» жүр деп жазғырды. «Берген уәделерінде мін болмаған. Ал соны орындауға келгенде ақсады» - деді ол. Бұған қоса, бұрынғы депутат енді украиналықтар билікке сенбейді деп санайды.
Саясаткердің пікірінше, Зеленский жеңіске жеткен соң, билік «батпаққа батқан». Билік партиясына ақылмен жұмыс істеуді білмейтін адамдар топтасқан. Осыны айтқан Савченко ендігі сайлауда эмоцияға беріліп, бос күлкі мен бөстекі ыржыңға ілеспей, тек ақылмен дауыс беру қажеттігін ескерткен.
Естеріңізге сала кетейік, украиналық ұшқыш Надежда Савченконың есімі Ресейде тұтқында болған кезінде әлемге тарады. Украинаға оралғаннан кейін саясатқа араласты. Жоғарғы Раданың депутаты болды. Алайда ол 2019 жылғы сайлауда парламентке келе алмады. Себебі Савченконы сегіз адам ғана қолдаған екен.
Дереккөз: Nege.kz