Нұр-сұлтан қаласында өткен алқалы жиында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик ШПЕКБАЕВ жаңа туған нәрестені өлтіру бойынша тергеу кезінде денсаулық сақтау мекемелерінде жүйелі кемшіліктердің анықталғанын мәлімдеді.
- Атыраудағы жаңа туған нәрестені өлтіру фактісі бойынша қылмыстық істерді тергеу кезіндегі мониторинг денсаулық сақтау мекемелерінің жұмысын бағалаудағы жүйелі кемшіліктерді анықтады, - деп мәлімдеді А. Шпекбаев.
Естеріңізге сала кетейік, өткен жылдың қазан айының басында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің қызметкерлері жаңа туған баланы тоңазыту камерасына орналастыру жолымен өлтірді деген күдікпен облыстық перинаталдық орталықтың бас дәрігері Қуаныш НЫСАНБАЕВ пен акушер-гинеколог Асқар ҚАЙЫРЖАНДЫ ұстады.
2019 ЖЫЛДЫҢ ҚАРАША АЙЫНЫҢ ХРОНИКАСЫ
- Нысанбаев пен Қайыржанның ұсталғаны белгілі болды;
– «АЖ» жан-жақты ақпарат таратты: сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметі Нысанбаевты парақорлыққа күдікті деп оны өз бақылауына алған. Ал бақылау барысында оның адам өлтіргені анықталды;
- ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат АҚТАЕВА бастаған республикалық медициналық ұйымдардың жетекші мамандары Атырауға келді;
- облыстық перинаталдық орталықтың 31 қызметкері жұмыстан босатуға өтініш жазды, алайда кейін көпшілігі өтінішін кері алып кетті;
- облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мәншүк АЙМҰРЗИЕВА жұмысынан босатуды өтініп, лауазымынан кетті;
- тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің төрағасы Людмила БЮРАБЕКОВА Атыраудың перинаталдық орталығында сәби өлімінің көбеюіне себеп болған ауруханаішілік инфекция анықталғанын мәлімдеді.
Сәбиді өлтірді деген айып бойынша қылмыстық істің негізгі фигуранттары (онда Нысанбаев пен Қайыржан ғана емес) қазір тергеу изоляторында отыр.
- Сотқа дейінгі тергеудің аяқталуы жақын, барлық сараптамалар мен қорытындылар алынды, - деп хабарлады Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің 1-ші Департамент басшысының орынбасары Бауыржан БАЛҒАБЕКОВ. - Көп ұзамай қылмыстық іс сотқа жіберіледі.
Фархат ӘБІЛОВ