Атырау, 6 мамыр 08:20
 ашықВ Атырау +20
$ 441.66
€ 475.14
₽ 4.86

Атырауда кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы ашылады

3 721 просмотра


Атырау облысының Кәсіпкерлер палатасы өңір әкімдігімен бірге іске асырып жатқан «Бизнеске арналған үкімет» жобасы «бір терезе» қағидасы бойынша кәсіпкерлерге қызмет көрсетуге бағытталған. Бұл туралы Кәсіпкерлер палатасының директоры Абдолла ИДРЕСОВ жергілікті кәсіпкерлермен есептік кездесу барысында айтты.

Баяндамашының айтуынша, қазір нысанның эскиздік жобасы әзірленді. Орталық Салтанат сарайы жанындағы Кәсіпкерлер палатасына сенімгерлік басқаруға берілген Көрме орталығының ғимаратында орналасады. Онда кәсіпкерлерге «бір терезе» арқылы қызмет көрсететін 6 орын құрылады.


- Бизнеске қызмет көрсетудің бірыңғай орталығы бизнеспен жұмыс істейтін мемлекеттік органдарды, мемлекеттік бағдарламалар операторларын, қаржы институттарын біріктіреді. Оның ішінде, қазір ХҚКО-да қолжетімді барлық қызметтерді кәсіпкерлер «Бизнеске арналған үкімет» орталығынан ала алады. Оның жұмысы бизнес өкілдерінің жұмысын едәуір жеңілдетеді, өйткені олар белгілі бір қызметті алу үшін бірнеше мекемені аралап жүрмейді. Сондай-ақ, барлық қызметтерді бір жерде шоғырландыру «Атамекен» ҰКП бизнесті қолдаудың барлық қаржылық шараларының тиімділігіне талдау және мониторинг жүргізуге, мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді деп күтілуде, - деп атап өтті Идресов.

Сондай-ақ, Кәсіпкерлер палатасы Махамбет ауданында бизнес үшін бірыңғай орталық құруға бастамашы болды. Қазір ғимаратта жөндеу жұмыстары жүргізілуде, оны пайдалануға беру бірінші жартыжылдыққа жоспарланған. Осындай орталықтарды облыстың басқа аудандарында да құру көзделіп отыр. 

Дайындаған Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА

31 қаңтар 2020, 15:40

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.