Атырау, 6 мамыр 04:23
 ашықВ Атырау +16
$ 441.66
€ 475.14
₽ 4.86

Атыраудағы жағалаудың құрылысы тоқтатылды. Көпірдің де қатысы бар

Сурет
4 434 просмотра


Атыраудағы Жайық өзені жағалауының құрылысы экологиялық сараптаманың оң қорытындысын алғанға дейін тоқтатылды –осындай шешімді ауданаралық экономикалық сот қабылдады. Бұған дейін Атырау облысы бойынша экология департаменті мердігер «КА Строй ЛТД» ЖШС үстінен талап арыз берген.

- Талапкер Жайық өзенінің жағасын нығайту жұмыстарының қоршаған ортаға әсері бойынша экологиялық сараптаманың оң бағасын алғанға дейін құрылысты тоқтатуды сұрады. Сот шешімімен талап арыз қанағаттандырылды, - деп хабарлайды облыстық соттың баспасөз қызметі.



Естеріңізге сала кетейік, қаланың орталық бөлігіндегі Жайықтың оң жағалауында 2018 жылы қайта жаңғырту жұмыстары басталған еді.

Жобаға сәйкес жаңартылатын жағалаудың ұзындығы Сұлтан Бейбарыс көпірінен  Х.Досмұхамедов атындағы АМУ ғимаратына дейін 1 км 861 метр құрауы тиіс. Бұған дейін бұл жұмыстардың төрттен бір бөлігі орындалып, тірек қабырғаларын орнату жұмыстары жүргізілуде деп хабарланған. Келісімшарт бойынша мердігер нысанды биыл 25 сәуірге дейін тапсыруы тиіс еді, қалай болғанда да енді үлгермейтін болды. Жағалауды қайта жаңартуға тапсырыс беруші - облыстық құрылыс басқармасы, ал инвесторы - NCOC.

Бұған дейін де жағалаудағы жұмыстар уақытша тоқтатылған еді. Өткен жылдың жазында бас жобалаушы «Арнай «ӨК» ЖШС-не құрылыс басқармасының жобаға қатысты сұрақтары болған.  Кейін жағалауды бекіту жұмыстары қайта жалғасты.


Бұл жобаның орындалу барысы тарихында тағы бір келеңсіз оқиға болды. Сол жерде жұмыс жасап жүрген экскаватор Жайық өзеніне топырақ тастап жатқанын  қаланың бір тұрғыны бейнетаспаға түсіріп алған. Сол кезде «КА строй ЛТД» ЖШС директорының орынбасары Мунке ШЛЫКОВ бұл қарапайым технологиялық процесс деп ақталды.  

Сонымен қатар, осы жұмыстардың кесірінен көпірде ақау пайда болды деген сыбыс тарады.  Атырау қаласының бұрынғы әкімі Әлимұхаммед ҚҰТТҰМҰРАТҰЛЫ айтып кеткендей, сарапшылар бұл мәселені де зерттейді. 

Фархат ӘБІЛОВ

31 қаңтар 2020, 09:43

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.