Атырау, 6 мамыр 10:28
 ашықВ Атырау +20
$ 441.66
€ 475.14
₽ 4.86

Апат болған аялдама мен қитұрқы сандар

2 903 просмотра


Атырау облысы полиция департаментінің хабарлауынша, жақында ассенизатор көлігі кіріп кеткен «Мерей» базары маңындағы аялдаманы қалпына келтіру 18 млн теңге тұрады екен. Қомақты қаржы, әрине. Оқырмандарымыздың көбі қала орталығынан пәтер сатып алуға болатын осынша ақша төлейтіндей қандай зақым тиді деп таң қалды. Бұл миллиондарды «АЖ» тілшісі зерттеп көрді.

Біздің сұрағымызға қалалық ТКШ бөлімі бұл «жылы» аялдаманың әлі мердігердің балансында екендігін хабарлады. ТКШ балансына қашан берілетіні әзірге белгісіз. Сондай-ақ, бір жылы аялдаманың құны 12 млн, ал оны құрастыруын қоссақ, 14 млн теңгеге шығады екен.  

- Павильонның шығынын оны құрастырған мердігер бағалады, дегенмен, бұл алдын ала қойылған баға, ол әлі де азаюы мүмкін, - деп толықтырды жауабын ТКШ бөлімі.

 «НАРАЗЫЛЫҚ ЖОҚ»

ҚР Мемлекеттік сатып алу сайтында Атырау қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің «VDSKAZAKHSTAN» компаниясымен (бас кеңсесі Белоруссияда орналасқан) «бір көзден алу» жолымен үш бірдей шарт жасасқаны туралы мәлімет бар. Біріншісі: жалпы құны 59,5 млн теңгеге әрқайсысы 3,5 миллион тұратын, ұзындығы 3,5 метр ашық үлгідегі 17 дана аялдама павильонын жеткізу. Екіншісі: жалпы құны 94,3 млн теңге болатын 4,1 млн-нан 23 аялдама жеткізуге. Үшіншісі: жалпы құны 72,6 млн теңгеге әрқайсысы 8,073 млн теңгеден 9 «жылы» аялдама жеткізу.

Үшінші шартқа көңіл аударайық. Егер компания 8 млн-ға ұсынған болса, онда 12 миллион теңге шығын қайдан шықты?

- Бұл ескі ақпарат, қала тұрғындары үшін технологиялық жағынан жақсы, ыңғайлы және тиісінше 12 млн теңге тұратын қымбат «жылы» аялдамалар сатып алынды, - деп жауап берді қалалық ТКШ. Алайда мемлекеттік сатып алу сайтында лоттың мәртебесі орындалды деп белгіленген. 

Айтпақшы, «жылы» аялдама павильонының қысқаша техникалық сипаттамасы мынадай:

- 4 ТҮРІ - аралас типті (ашық қалқа және дүкен), габариттік өлшемдері - ұзындығы 14,00 м, ені 2,56 м,  биіктігі 2,90 м. Швеллерге отырғызылған қалқаның темір каркасы ашық, болаттан жасалған. Жоғарғы жабындысы полимермен қапталған алюминий тақталардан құрастырылған. Әйнегі минералдық, қыздырылған, қалыңдығы 10 мм. Төбесі мырыш және әйнек панельдерден жасалған. 2 типті павильон жылу жүйесімен, салқындату, желдету және бейнебақылау камераларымен жабдықталған. SIM-карта қолдану мүмкіндігі бар LTE-роутер қондырғысы мен Wifi желісінің құрылғысы қарастырылған (бір уақытта 10 адам қосыла алады). Қоғамдық көлік күткен жолаушылар үшін орындықтар бар. Жабық павильонның ішінде алюминий тақталармен бөлінген есік-терезесі бар сауда жасауға арналған орын салынған.

Осының бәрі біздің жаңа орнатылған «жылы» аялдамаларымызда бар ма - өздеріңіз салыстырыңыздар. Ал, ТКШ бөлімі мынадай қорытынды берді: «Техникалық ерекшелікке сәйкес бұйым барлық мәлімделген параметрлерге сәйкес келеді, барлық механизмдері мен жабдықтары жарамды, саны, сапасы және тұтастығы бойынша наразылық жоқ».

КАМЕРА ЖОҚ, ТЕНТЕКТЕР ДЕ ЖАТПАЙДЫ

Жалпы, «жылы» аялдамалар қала басшылығының басын қатырды. Өткен жылы қала әкімдігі қала тұрғындарына қолайлы болу үшін 23 аялдама павильонын сатып алғанын, оның 7-і жабық, сауда жүргізуге қолайлы деп ресми түрде хабарлады. Алайда, «аялдамадан» сауда нүктесін ашуға ешкім ниеттенген жоқ. Сонымен қатар, онда бейнебақылау камералары орнатылады делінген. Бірақ камералар әлі қойылмай, бірнеше рет қирату фактілері болған. Сондықтан аялдамаларды кешкі сағат 20.30 бастап кілттеп қоятын болды. Ал кілті «Арнаулы автобаза» ЖШС қызметкерлерінде. 

Фархат ӘБІЛОВ

30 қаңтар 2020, 22:14

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.